«ҚТЖ» ҰК» АҚ-да «Жаңашылдық – өсу перспективалары» деген тақырыпта өнертапқыштар кеңесі өтті. Алқалы жиынға компанияның бас инженері Батыр Котырев пен «Kazlogistics» Қазақстанның көлікшілер одағы төрағасының орынбасары Юрий Лавриненко қатысты. Кеңес барысында теміржолдағы рационализаторлардың ең үздік жобалары таныстырылып, жүлделі орындар мен ақшалай сыйлықтар берілді.
Жиында Техникалық орталық директоры Азамат Жанкелді осы салада былтыр атқарылған жұмыстар нәтижесін таныстырды. Оның айтуынша, 2022 жылы 745 теміржолшы рационализаторлық ұсыныс берген, соның 17 пайызы – 35 жасқа дейінгі қызметкерлерден түскен. Оның ішінде 687 рационализаторлық жоба өндіріске енгізілді. Бұл жобалар теміржолдағы сенімділік пен тұрақтылықты, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, еңбек жағдайын жақсартуға, еңбекті қорғауға, технологиялық процестерді жетілдіруге бағытталған. Осы өнертапқыштық ұсыныстарды енгізуден түскен экономикалық тиімділік 198 млн теңгені құрады. Бұл қызмет ғылыми-техникалық саламен де тығыз байланысты, осы ретте былтыр 306 техникалық жаңашылдық енгізілді.
– Рационализаторлар – инженерлік ойлау жүйесінің иелері, шығармашылық ойдың адамдары. Олар үнемі өз бетінше ізденісте жүреді. Өндірістік процестерді жетілдіруде ҚТЖ-ның құрылымдық бөлімшелерінің рационализаторлары маңызды рөл атқарады. Бүгінде 3 мыңнан астам рационализатор компания жұмысын дамыту процесіне белсенді қатысады. 2009-2023 жылдар аралығында компанияның рационализаторлары 3500-ден астам өнертапқыштық ұсыныс беріп, өндіріске енгізді. Соның нәтижесінде 300 млн теңгеден астам экономикалық тиімділікке қол жеткізілді, – деді бас инженер Б.Котырев.
Жиын басында таныстырылған 8 жоба электрмен қамту, жол, вагон, локомотив, қозғалыс шаруашылықтары, автоматика және телемеханика, конструкторлық-эксперименталды орталық салаларын қамтыды. Солардың арасынан «Теміржол автоматикасы мен телемеханикасы құрылғылары мен жүйелерінің сенімді жұмысын арттыру» номинациясы бойынша үздік рационализаторлық ұсынысы үшін Павлодар белгі беру және байланыс дистанциясының бас инженері Қазыбек Оспанов пен телім бастығы Бауыржан Бабатаев бірінші орын алып, 300 мың теңге сертификатқа ие болды. 2-орын электр жабдықтары жұмысының сенімділігін арттыруға бағытталған ұсынысы үшін Илецк вагон пайдалану депосының шебері Наурызғали Абуғалиевке беріліп, ол 200 мың теңгеге ие болды. Ал 3-орын жүк вагондарын жөндеу технологиясын жетілдіруге бағытталған ұсынысы үшін Қарағанды электрмен жабдықтау дистанциясының телім бастығы Игорь Пикаловқа және тасымал үдерісін жетілдіруге арналған ұсынысына орай тағы үш адамға, яғни Көпфункционалды қызмет көрсету орталығының бас менеджері Толқын Бозтаеваға, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС «Батыс» филиалының жетекші инженері Әсел Мырзағұловаға, Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесі бөлім бастығының орынбасары Асылзат Орынбаеваға 150 мың теңге сыйақысымен бірге берілді.
Сондай-ақ «Үздік рационализаторлық шешім» байқауына қатысқандар арасынан 31 теміржолшының еңбегі жоғары бағаланды. Және де Қарағанды, Қостанай, Алматы, Орал, Түлкібас станцияларындағы түрлі құрылымдық мекемелер арасынан 8 теміржолшы «Үздік рационализатор» атағына ие болды. Тағы 4 адамға осы салаға сіңірген еңбегі үшін компания басшысы атынан Құрмет грамотасы және 6 маманға Алғыс хат табысталды.
Кеңес соңында «ҚТЖ» ҰК» АҚ, «Қамқор вагон» ЖШС және «Қамқор Локомотив» ЖШС арасында өнертапқыштық қызметті дамыту және тәжірибе алмасу мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы үшжақты келісімге қол қойылды.
Райхан Рахметова