You are currently viewing ҒАСЫР ЖАСАҒАН ТЕМІРЖОЛШЫ

ҒАСЫР ЖАСАҒАН ТЕМІРЖОЛШЫ

  • Post category:Новости

Жамбылдық Бүбікүл Рүстембекова жақында 100 жасқа толып, ғасыр жасаған адамдар қатарын толықтырды. Жамбыл жол дистанциясынан зейнетке шыққан әжей көп жыл жол монтері болып еңбек еткен екен. Жақында дистанция ұжымы мерейтой иесін туған күнімен құттықтады.

Бүбікүл әже 1923 жылы 1 қаңтарда Жамбыл өңірінде өмірге келген. 18 жасында тұрмысқа шығып, 5 баланы дүниеге әкелген. Соғыс жылдарында жұбайы екеуі тылда еңбек етіпті. Луговой дистанциясына қарасты Құмарық бекетінде жолдасы Мақатай екеуі жол монтері болып жұмыс істеген.
– Жамбыл жол дистанциясында тіркеулі тұрған 221 зейнеткердің бірі Бүбікүл әжеміздің бірге жұмыс істеп,көзкөргендерінен сол жылдары Луговойда жол шебері болған Нұрмахан деген теміржолшы ғана қалған, ол кісі қазір зейнетте, аман-есен. Жыл сайын туған күндерінде, Қарттар күнінде, тағы да басқа мейрамдарда қарияларымызды ұмытпай, құттықтап баруды дәстүрге айналдырғанбыз, – дейді кәсіподақ комитетінің мүшесі Азамат Сыдықов.
Бүбікүл әженің бес баласынан немере, шөбере, тіпті шөпшектері бар. Қазір әже немере қызының қолында тұрады. Қарт әже мерейтойымен құттықтай келгендерге риза болып бір жасап қалды.
Өткен өмірін еске алып шалы екеуі бірге соғыс жылдарында қандай қиын-қыстау жағдайда еңбек еткендерін, жеңіс күніне жеткенде қалай қуанғандарын әңгімеледі.
Кәсіподақ комитетінің төрайымы Сәуле Абдраимова мен машинист Азамат Сыдықов, метролог Раушан Назарова бастаған ұжым қызметкерлері ғасыр жасаған әжеге гүл шоғын тарту етіп, әдемі орамал, азық-түлік себетін сыйлады. Оларға алғыс білдіріп, батасын берген қария «Менің жасыма жетіңдер!» деп тілегін айтты.

Ұлан ОРАЗ,
Жамбыл
Суретті түсірген автор