You are currently viewing ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ КЕРУЕНІ

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ КЕРУЕНІ

  • Post category:Новости

Шымкент электрмен жабдықтау дистанциясының ұжымы Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні қарсаңына Қайырымдылық керуенін ұйымдастырды.
Дистанция бастығы Ахан Бижанов пен кәсіподақ ұйымының төрағасы Талғат Жақсыбаев, дистанцияның бас инженері Жоламан Анаров, еңбек қауіпсіздігінің жетекші инженері Айнұр Есмұратова бастаған топ өндірісте жарақат алған және қайтыс болған әріптестерінің отбасына барып, азық-түлікпен көмектесіп, сұхбаттасып, мұң-мұқтаждарын
тыңдап қайтты.
ЭЧ-24 мекемесіне қарасты телімдерде өндірісте зардап шеккендер саны жетеу екен. Қайырымдылық керуені Сарыағаш ауданына қарасты Жылға станциясынан басталды, өндірістік жарақаттан қаза тапқан ЭЧЭ электромеханигі Бекболат Аташовтың отбасына кіріп шығып, материалдық көмек көрсеткен топ әрі қарай Арыстың Монтайтас станциясында тұратын, қазіргі уақытта 1-топ мүгедегі РКС электромонтеры Смайылхан Тажибаевқа барып амандасты. Сосын осы станцияда РКС электромеханигі болған, өндірістік жарақаттан қаза тапқан Нұрлан Сапаровтың отбасына барды. Одан әрі Арыс 1 станциясында тұратын 3-топ мүгедегі, РКС электромонтеры болған Сайфулла Шарифуллин мен Арыс-2 РКС электромонтері, қазіргі уақытта 25-пайыз еңбекке жарамсыз Өмірзақ Амреев, Бадам станциясынан 1-топ мүгедегі, РКС электромонтеры Абылай Берденовтің үйіне барып, хал-жағдайын біліп, керек жарағын жеткізіп берген топ Түркістанға аттанды.
Түркістан станциясында РЭС электромонтеры болған Сұлтан Исмайлов бірнеше жыл бұрын өндірістік жарақаттан қаза тапқан болатын.
Қайырымдылық керуені аталған азаматтардың отбасы мен жақындарына ұжым атынан көңіл білдіріп, материалдық көмек көрсетті.
Рамазан МҰРАТ, Шымкент
Суретті түсірген автор