You are currently viewing ҚАРТ ТЕМІРЖОЛШЫНЫ ҚҰТТЫҚТАДЫ!

ҚАРТ ТЕМІРЖОЛШЫНЫ ҚҰТТЫҚТАДЫ!

  • Post category:Новости

Шу электрмен жабдықтау дистанциясын отыз жылға жуық басқарған Құрметті теміржолшы Анатолий Югай 90 жасқа толды.

1960-1965 жылдар аралығында Томск қаласындағы электромеханикалық инженерлік теміржол институтын тәмәмдаған жас маман Анатолий Югай жолдама бойынша Жамбыл теміржол бөлімшесіне жұмысқа орналасқан. Ол 1977 жылы Шу электрмен жабдықтау дистанциясының басшысы болып тағайындалған. Білікті басшы Шу-Мойынты теміржолын электрлендіру жұмысына атсалысып, жоғары жетістіктері үшін «Құрметті теміржолшы» атағын алған. Саналы ғұмырын Шу теміржолының өсіп-өркендеуіне, дамуына арнаған майталман теміржолшы 28 жыл бір орында қызмет атқарыпты. 1993 жылдан бері зейнет демалысында. Торқалы тоқсан жасқа келген қарт теміржолшыны ҚТЖ Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Асқар Сәрсенбеков пен Шу торабы ардагерлер кеңесінің төрағасы Халық Тұрсынбай арнайы құттықтап келіп, иығына шапан жапты. Сондай-ақ, Шу электрмен жабдықтау дистанциясының басшылығы мен ұжымы Сатқұл Қасымовты «Кәсібі бойынша үздік» төсбелгісімен марапаттады. Ал үстіміздегі жылы зейнет демалысына шыққан Асылбек Ахметов пен Шорабек Қожакеримовті құрметтеп, шапан кигізді.

«Темір жол саласы – ауданның дамуының негізгі өндірістік көзі. Елімізде халық шаруашылығы жүгінің 70 пайыздан астамы болат жолмен тасымалданады. Бүгінде Шу ауданының экономикасына теміржол мекемелері мен оның жұмысшылары сүбелі үлес қосуда. Солардың қатарындағы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Жамбыл магистральдық желі бөлімшесі филиалының Шу электрмен жабдықтау дистанциясының да үлесі айтарлықтай. Бұл атаулы мекемеде 251 жұмысшы жауапты жұмыс атқарып, олар Шу-Қайраткөл және Шу-Отар аралығындағы 360 шақырым болат жолдарын электр жүйелерімен қамтамасыз етуде», – дейді Шу электрмен жабдықтау дистанциясының басшысы Ерлан Әбілезов.

Источник


Ерман ӘБДИЕВ, Жамбыл
Суретті түсірген автор