You are currently viewing Қатаң шараларды қолға алмақ

Қатаң шараларды қолға алмақ

  • Post category:Новости

Биыл пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Шымкент және Арыс жол дистанцияларында 22 км мал қоршауын жөндеу жоспарланған. Оның ішінде ПЧ-53 бойынша – 20 км, ПЧ-54 бойынша 2 км жоспарланған.

Алайда мамандар теміржолды қанша жерден қоршағанмен, бұл шаралардың қажетті нәтиже бермей отырғанын жасырмайды. «Адамдар белгіленбеген жерлерден өтеді, жолға шығады, темір қоршауларды бұзып малын айдап өтіп, ұрлап кеткен жағдайлар да бар. Осыған орай, Шымкент магистарльдық желі бөлімшесі бойынша тұрақты тексеретін жұмыс тобы құрылып, қауіпсіздікті қатаңдатуға бағытталған іс-шаралар әзірленді. Барлық күзетілетін өткелдерге бақылау орнату үшін әкімдіктерге хаттар жазылып, сондай-ақ 4 өткелдегі «Сергек» бейнекамералары жолданды. ҚТЖ басшылығы атынан Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеевке 5 жол өтпесін салу туралы хат жолданды және 11 өткелде бейнебақылау орнату керектігін ұсындық. Әкімдік хатты алды, бірақ әзірге жауап жоқ», – деді қауіпсіздік бөлімінің бастығы Нұрбақыт Байыров.

Бұдан бөлек, қауіпсіздік бөлімі бастығының айтуынша, жол дистанцияларымен қауіпсіздікке қатысты келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізілген. Теміржолға жақын орналасқан елді мекендердің тұрғындарына ҚР Кодексінің 559-бабы, 1-55-тармағы бойынша 885 үзінді көшірме таратылып, станцияларда 496 адамды қамти отырып, 23 жиналыс өткізілген. «Теміржол – қауіптілігі жоғары аймақ» тақырыбымен 673 оқушы таныстырылған.

Сонымен қатар, 1543 мал иесіне теміржолға мал жаю және айдап өту ережелері таныстырылыпты. Темір жолға белгісіз заттарды тастап кету, қойып кету, мал жаю, жолдарда бөгде адамдардың жүруі, теміржол мүлкін ұрлауын болдырмау мақсатында теміржолшылар мен тәрптіп сақшылары бірлесіп 10 рейд өткізген. МАИ қызметкерлерімен бірлесіп өтпелерде жол жүру ережелерін сақтауға қатысты 12 кешенді рейд жүргізіліп, 573 жүргізуші таныстырылған. Кәсіпорындарда 21 адамды қамти отырып, 3 түсіндіру жұмысы жүргізіліп, мал жаю ережелерін бұзушылар мен жүргізушілерге қатысты МАИ-ға 13 хат жолданған. «Енді бұрынғыдай жұмсақтықты қойып, біз де қатаң шараларды қолға аламыз, теміржолдағы ережеге көз жұма қарайтындармен күресті қатаңдатамыз», – дейді қауіпсіздік маманы.

Жан ПЕРДЕБЕК, Шымкент