You are currently viewing Қауіпсіз  еңбекке – қалтқысыз  қызмет

Қауіпсіз еңбекке – қалтқысыз қызмет

  • Post category:Новости

«ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев қауіпті оқиғалардың алдын алу және проактивті құралдарды пайдалану номинациясы бойынша жеңімпаз деп танылған 10 теміржолшыны марапаттады.

Бас жүлде – 3 млн теңгенің сертификатына Магистральдық желі дирекциясының филиалы – Маңғыстау НЖС-14 қарасты Бейнеу жол дистанциясының машинист-нұсқаушысы Қайрат Абдашов ие болды.

Салтанатты шарада сөз алған басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев еңбек қауіпсіздігі және теміржолшылардың денсаулығын қорғау компанияның басты құндылығы екенін атап өтті.

– Компанияда қауіпсіз еңбек жағдайын жасау бойынша шаралар кешені жыл сайын жүзеге асырылып келеді. Алайда, қабылданып отырған шараларға қарамастан статистика көрсеткіші бізді алаңдатып отыр. Өткен жылы біз 8 әріптесімізден айырылдық. Сондықтан компанияға осы бағытта әлі де жұмысты ширата түсу қажет. Бөлімшелерде бақытсыз оқиғалар санын нөлге жеткізуге күш салуымыз керек. 2022 жыл «Самұрық-Қазына» қорында «Еңбек қорғау және қауіпсіздік жылы» деп жарияланды. Біздің компания да биылғы жылды осы ұранмен өткізеді, – деді басқарма төрағасы.

Бұдан кейін компания бас инженері Батыр Котырев еңбек қорғау бойынша 2022 жылғы міндеттер туралы баяндады. Оның айтуынша, жақында өткен Өндірістік қауіпсіздік форумында соңғы 7, 10, 15 жылда жарақаттанудың бірде-бір оқиғасы тіркелмеген 22 теміржол мекемесі марапатталған. Сонымен қатар профилактиканың қолданыстағы құралы «Қауіпсіздіктің іс-қимыл диалогы» бағдарламасы бойынша 25 мыңға жуық оқиға тіркелген. Ал Магистральдық желі дирекциясындағы былтырғы еңбек қауіпсіздігі жағдайы және биылға арналған бағдарламалар туралы ЦЖС-тың техникалық мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Талғат Ибраембаев баяндады.

Салтанатты шара соңында қауіпті оқиғалардың алдын алу және проактивті құралдарды пайдалану номинациясы бойынша топ жарған жеңімпаздар атынан бас жүлде иегері Қайрат Абдашов сөз алды.

– Бүгінгі жүлдем үшін компания басшылығына, әріптестеріме алғысымды білдіремін. Өткен жылы әскерилендірілген темір жол күзетінің қарапайым қызметкері бас жүлдені жеңіп алып, отбасымен шетелде демалғанын естігенде, менің де қызығушылығым оянып, ПДБ қосымшасының шынында жұмыс істейтініне көзім жетті. Әрі бұл бағдарлама сала еңбеккерлерінің өндірістік қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, қауіпті оқиғалардың алдын алуға бағытталып отырғанын түсіндім. Және бұл бағдарламаны пайдаланып, өзім де қауіпсіздікке үлесімді қосамын деп шештім. Өткен жылы 71 қауіпті оқиғаны анықтап, оларды дер кезінде дәйек-дәлелдермен «Қауіпсіздіктің іс-қимыл диалогы» мобильді қосымшасына тіркеп, түрлі жазатайым жайттардың алдын алдым. Қуантатыны, мен осы іс-әрекетімен мүмкін бір әріптестерімнің өмірін сақтап қалуға, денсаулығын қорғауға үлес қостым деп ойлаймын. Қысқасы, ПДБ бағдарламасы қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастыруға, өндірістік қауіпсіздігін сақтауға және адамдардың жұмыс барысында жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді, – деді бас жүлде иегері.

Сулугүл Бакесова,

Суретті түсірген Александр ЖАБЧУК