You are currently viewing Қауіпсіздік  қағидаты – берік  ұстаным

Қауіпсіздік қағидаты – берік ұстаным

  • Post category:Новости

Нұр-Сұлтан

Астана локомотив пайдалану депосы Дүниежүзілік еңбек қорғау күнін арнайы бағдарлама ұйымдастыра отырып өткізді. Іс-шараға Нұр-Сұлтан қаласы бойынша мемлекеттік инспектор Рустам Жандосов қатысты.

Атаулы күнді теміржолшылар қауымы назардан тыс қалдырмайды. Р.Жандосовтың айтуынша, жыл басынан бері елордада қайғылы жағдайлар салдарынан 22 жұмысшы зардап шекті, олардың жетеуі көз жұмды, 15 адам ауыр жарақат алды. Тағы бір айта кетерлігі, қайғылы жағдайлардың көбі қаланың құрылыс нысандарында болады. Сондай-ақ ол мекемелердегі өндірістік кеңестер жұмысына тоқталды.

Депо қызметкерлері алдымен өндірісте жазатайым оқиға кезінде қайтыс болған қызметкерлерді бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Бағдарлама шеңберінде викториналық сұрақтар қойылып, дұрыс жауап бергендерге бағалы сыйлықтар берілді.

– Өздеріңіз білесіздер, бізде техникалық инспекторлардан басқа әр колоннада нұсқаушылар бар. Біз солардың ішінен ерекше көзге түскен колонна қызметкерлерін марапаттайық деп шештік, – деді жиында сөз алған өндірістік қауіпсіздік және экология секторының бастығы Сергей Литомский.

Осылайша, атаулы күнге орай өндірістік кеңес жұмысына белсенді қатысқаны үшін техникалық инспектор Сырым Бековке, қауіпсіздік және еңбек қорғау мәселелері бойынша жұмысты үздік ұйымдастырғаны үшін 6-колонна машинист нұсқаушысы Бейбіт Нұржігітұлына, аға шебер Айдос Бишеновке Құрмет грамотасы табысталды. Сонымен қатар жұмысшылар арасында өткізілген сурет байқауына қатысқан қызметкерлер де сый-сияпатсыз қалмады.

Нұрай Сәрсенғали

Суретті түсіргенАлександр ЖАБЧУК

Шымкент

Дүниежүзілік еңбек қорғау күні теміржолшылар ең бірінші кезекте өндірісте жазатайым оқиғалардың салдарынан қаза болған немесе жарақат алған әріптестерін еске алады.

Кәсіподақтар жұмыс берушілерге өз қызметкерлерінің еңбегіне қолайлы жағдай жасап, заманауи технологияларды енгізуге және қауіпсіздік ережелерін сақтауға қатаң қарауға шақырады.

Шымкент магистральдық желі бөлімшесі бойынша биылғы жылдың алғашқы тоқсанында бірде-бір жазатайым оқиғаға жол берілмеді, ал өткен жылы дәл осы уақытта екі оқиға орын алған екен. Оның бірі Арыс дистанциясына қарасты Шеңгелді – Жылға аралығында француздық «Жейсмар» техникасымен жұмыс жасап жатқан жол жөндеуші Нұрлыбек Кұттыбеков оң қолының саусақтарын кесіп алған. Сарыағаш қаласының орталық ауруханасына жедел жеткізілген жолшының жарақат алуына ең алдымен ақаулы құралмен жұмыс істеуі себеп болған. Мемлекеттік инспектордың басқаруымен жүргізілген арнайы тер- геу-тексерудің нәтижесі бойынша қайғылы оқиға өндірістік деп танылды, жұмысшының кінәсі – 60%, жұмыс берушінің кінәсі 40% деп белгіленді.

Екінші оқиға – Дарбаза-Сарыағаш өткелі аралығында жол монтері Қыдырбай Ақжоловты пойыз қағып кеткен. Алған жарақатынан жол жөндеуші ауруханада есін жимастан қайтыс болды. Қаза болған жол монтеріне ұжымдық шарт негізінде бір реттік көмек – 13 миллион 817 мың теңге төленді. Қайғылы оқиға өндірістік деп танылды, жұмысшының кінәсі – 70%, жұмыс берушінің кінәсі 30% деп белгіленді.

Кеше Шымкент магистральдық желі бөлімшесінің директоры Нұрлан Бастаров, бас инженер Мұхтарбай Битемиров және еңбек қорғау секторының басшысы Ерлан Серперов бастаған арнайы топ жұмыс бабында қаза тапқан Қ.Ақжоловтың отбасына барып, анасының жағдайын сұрап, марқұмға құран бағыштады. Сондай-ақ, кәсіподақпен бірлесіп, материалдық көмек көрсетті.

Жан ПЕРДЕБЕК

Маңғыстау

Өткен жылы Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесі бойынша «Үздік еңбек қорғау бұрышы» номинация- сын Маңғыстау станциясы жеңіп алған. Станциялықтар биыл да еңбек қорғау күніне орай жұмысшылардың қауіпсіз еңбек процесін көрсететін бейнеролик түсіріп, осы тақырыпта балалардың сурет сайысын ұйым- дастырды.

Ең бастысы, станцияда жыл басынан бері өндірістік жарақат алу дерегі тіркелмеген, еңбек жағдайы үнемі назарда. Биыл, мысалы, станция қызметкерлерінің жұмыс істеуіне қолайлы мүмкіндіктер жасау мақсатында сұрыптау дөңесі мен жұмысшылар отыратын, киім ауыстыратын орын күрделі жөн- деуден өткізіліп, қажетті керек-жарақпен жабдықтаған. Вагон қозғалысының жылдамдығын реттеушілердің пунктіне де әрлеу жұмыстары жасалған. Теміржолшылар маусымдық жұмыс киімдерін 1 сәуірге дейін алып болған.

Станциялықтар жыл сайын еңбек қорғау күнінде өндірістік жарақат алған бір әріптестерінің үйіне барып, хал-ахуалын көзбен көріп, қажетті көмектерін беруді әдетке айналдырған екен. Биыл да жоспарлап отыр.

Шахида ЖҰМАН

Қызылорда

Қызылорда бөлімшесінде еңбек қорғаудың жүйесі қалыптасқан. Теміржолшыларды өндірістік жұмыс барысында жазатайым жарақат алудан сақтандыруға арнайы қаражат бөлініп, ол мақсатты түрде игеріліп келеді.

Бөлімше бойынша еңбек қорғау және экология бөлімі мамандарының тарапынан жұмыс орындары алдын ала тексеріліп, бақылаудан өткізіледі. Және жұмыс орнының жұмыс істеуге қолайлылығы, талапқа сай келетін- келмейтіні арнайы мамандар тарапынан бекітілген жоспар негізінде аттестациядан өткізіліп, барлық стандартқа сай келетін орында ғана теміржолшының жұмыс жасауына рұқсат беріледі. Биыл бөлімше бойынша еңбек қауіпсіздігі шарттарын жетілдіру мақсатына 10 кешенді шара жоспарланып, оған 70 760,765 мың теңге қаржы бекітілген. Жыл басынан бері екі шара өткізіліп, оған бөлінген 1162,65 мың теңге мақсатты жұмсалды.

– Біздің бөлімше бойынша өндірістік жарақат алу жағдайы биылғы жылдың үш ай жиырма күнінде, яғни бүгінгі күнге дейін тіркелген емес. Келеңсіз жағдайдың алдын алу үшін бекітілген жоспар бойынша күнделікті жұмыс жүргізіп, осылай әр күнді есепке алып отырамыз. Өткен жылы теміржолшылардың қауіпсіздігін арттыруға арналған семинар тренингтер өткізіп, біліктілік сауатын көтеруге жұмыс жасадық. Өндірістік жарақат алған әріптестерімізге тиісті төлемдер дер кезінде аударылып отыр ма, басқа да көмектерді алып жатыр ма, бәрін қадағалап отырамыз, – деді еңбек қорғау және экологиялық қауіпсіздік бөлімінің бастығы Ғалия Көпжасарова.

Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ