You are currently viewing Қауіпсіздік – бала көзімен…

Қауіпсіздік – бала көзімен…

  • Post category:Новости

Дүниежүзілік еңбекті қорғау күнін биыл Сыр бойы теміржолшылары өзгеше форматта өткізуді қолға алып, арнайы шаралар легін бастап кетті. Алғашқы шара теміржолшыларының балалары арасында өткен байқаудан басталды.
Бөлімшенің еңбек қорғау және экологиялық қауіпсіздік бөлімінің бастығы Ғалия Көпжасарова мен кәсіподақ ұйымының төрағасы Мұхтар Көпірбаевтардың ұйымдастыруымен Қызылорда станциясының техникалық кабинетінде өткен байқау тақырыбы – қауіпсіздік. Оған 7-14 жас арасындағы бүлдіршіндер қатыстырылды. Бір сағат уақыт ішінде балалар А4 және А3 форматындағы қағазға қарындашпен, бояу қаламмен, акварельмен, гуашпен, фломастермен және өзге де сурет салу құралдарымен «қауіпсіздік, еңбек қорғау» тақырыбында сурет салып, сайысқа түсті.
Жарыс басталар алдында кәсіподақ ұйымының төрағасы балаларға конкурстың шарттарын түсіндіріп, сәттілік тіледі.
-Құрметті балалар,сендердің ата-аналарың теміржолдың әр саласында еңбек етеді. Біреуіңнің папаң тепловоз айдаса, біреуіңнің папаң вагондар құрастырып құрамды жасақтайды. Жұмыс кезінде ата-аналарыңның қауіпсіздігі маңызды, олар қолын жарақаттап алмау үшін қолына қолғап, басын қорғау үшін каска, аяғына арнайы аяқ киім киіп, техникалық қауіпсіздік талаптарына сай жұмыс істейді.Темір жол – қауіпті сала, онсыз болмайды. Бүнгін сендер ата-аналарыңның жұмысын, қауіпсіздік, еңбек қорғау тақырыбында ақ қағазға бедерлеп сурет саласыңдар, – деп кәсіподақ төрағасы Мұхтар Көпірбаев бала тілімен конкурс шарттарын түсіндірді.
Алдын ала сурет салу құралдарын сайлап келген бүлдіршіндер уақыт белгіленген бойы бастап кетті. Кәнігі суретшілер секілді бояуларын сайлап қаламдарын ұштап іске кіріскен балалардың дені белгіленген уақыт шеңберінде суреттерін қазылар алқасына тапсырды.
Сайыстың сарапшылары Ғалия Көпжасарова, Мұхтар Көпірбаев, Бауыржан Ахметов және Динара Оразалиеваларға баланың ұшқыр қиялымен салынған суреттерді таңдау оңай бола қойған жоқ. Жас ерекшеліктері ескеріліп 7-8 жасар ағайынды Ақылбек, Абай Бөгенбайлар және Айша Өткелбайдың туындылары бір топта сарапқа түссе, 9-11 жастағы Камила Талғатқызы, Айсезім Сейтжан, Шынар Ұзақбаева және Дилназ Сабировалардың суреттері бір топта сараланып, олардың барлығына жүлделі орындар беріліп, бағалы сыйлықтар тапсырылды. Ең кішкентай суретші 5 жасар Аяна Алтынбекқызына да арнайы сыйлық берілді.
-Біз қаладағы 267-мектепте оқимыз. Көркем еңбек сабағында сурет салып үйренеміз. Атамыз Бөгенбай машинист болған, ал әке-шешеміз Белкөл станциясында теміржолшы. Конкурсқа қатысып алған сыйлығымыз өзімізге ұнады,- деді мәз болған ағалы-інілі Ақылбек пен Абай.
Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда
Суретті түсірген автор