You are currently viewing Қауіпсіздік – балалар көзімен

Қауіпсіздік – балалар көзімен

  • Post category:Новости

Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесінде теміржолшылардың балалары сурет байқауында бақ сынады. Қоғамды сақтыққа шақырған «Қауіпсіздік политрасы» тақырыбында өткен көрмеге тек балалардың туындылары қойылды.

Темір жол – қауіпті аймақ. Сақ жүрсең – нақ жүресің. Тәуліктің 24 сағатын осындай ескертулерге арнайтын теміржолшылар қауіпсіздік шараларын бір сәтке де тоқтатқан емес. Бірақ, өз өміріне жауапсыз қарайтындардың әрекетінен теміржолда қайғылы жағдайлар жойылмай тұр. Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесі қауіпсіздік айлығы аясында балалар арасында сурет байқауын ұйымдастыру арқылы қоғам назарын тағы да осы көкейкесті мәселеге аударып отыр. «Қауіпсіздік политрасы» – түрлі түстермен жарақаттанудың алдын алуға шақырған сурет көрмесіне теміржолшылардың балалары белсене қатысып, тақырыпты ашуға талпынған тырнақалды туындыларын ұсынды.

– Кішкентай балаларымыз саналы түрде «қауіпсіздік» терминін түсініп, адам өмірін сақтауға үн қатып жатыр. Бүлдіршіндер теміржол бойының қауіпті аймақ екенін көрсетуге тырысып, ол жерде доп ойнауға, жолда кесіп өтуге болмайтынын, ал пойызға мініп қызықты саяхаттарға аттануға болатынын жеткізген, – дейді Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесі басшысының орынбасары Темірғали Көштаев.

Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесінің мұражайында ұйымдастырылған көрмеге қатысқан балаларға Қазақстан темір жолының, Батыс аймақтық теміржол тарихының құрылуы мен қалыптасу жылдарынан қызықты мәліметтер көрсетіліп, тарихи жәдігерлер таныстырылды.

Көрмеге суреті қойылған 32 баланың ішінен 9 сурет тақырыпты сәтті аша білген деп бағаланып, арнайы жүлдеге ие болды. Сонымен қатар байқауға қатысқан барлық балаға жас суретшілерге арналған сапалы бояулар қобдишасы табыс етілді.

Ардақ Ерубаева, Ақтөбе