You are currently viewing ҚАУІПСІЗДІК ДӘРІСІН ӨТКІЗДІ!

ҚАУІПСІЗДІК ДӘРІСІН ӨТКІЗДІ!

  • Post category:Новости

Ақтөбе локомотив пайдалану депосының қызметкерлері темір жолға жақын маңда орналасқан мектептерге барып, оқушыларға қауіпсіздік дәрісін өткізді. Шара желілік полиция қызметінің әкімшілік бөлімі инспекторларымен бірлесіп ұйымдастырылды.

Қауіпсіздік акциясы – теміржол мекемелерінде жиі өткізілетін шараның бірі. Себебі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге аптаның 7 күн, 24 сағатын арнайтын теміржолшылар үшін бұл маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Бұл жолы қаладағы № 42 мектепке барып, теміржол бойында балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігі және олардың қатысуымен болатын құқықбұзушылық әрекеттердің өзектілігін сөз еткен локомотившілер әсіресе теміржолды кез келген жерден кесіп өтем деп арандап қалатындар іс-әрекетіне баға беріп, оның салдарына тоқталды. Жылжымалы құрамның астынан өтуге, жылжып келе жатқан пойыз жанымен, жолаушылар платформасы бойымен жүгіруге, вагондарға жабысуға тыйым салынатыны түсіндірілді. Сонымен қатар, қазір жасөспірімдердің әлеуметтік желіде танымал болу үшін барлық әрекетке баратыны да сын болды.

«Тик-токта тренд боламын» деп теміржол бойында түрлі әрекеттер жасап, вагонның үстіне шығып кететіндер де жоқ емес.
Мұндай әрекеттердің қаншалықты қауіпті екенін нақты мысалдармен түсіндірген локомотившілер балалар пайдасыз істермен әуестеніп, өз өмірін тәуекелге тікпеуі керек екенін қатаң ескертті. Мамандар қауіпсіздік ережесін білген және оны қатаң сақтаған әрбір жан мұндай әрекеттерден аулақ болып, өз өміріне жауапкершілікпен қарайды деді. Түсіндіру жұмыстары мектептің бірнеше сыныбын қамтыды. Ақтөбе локомотив пайдалану депосының өндірістік қауіпсіздік және экология секторының маманы Қайрат Данияров пен депоның аға кезекшісі міндетін атқарушы Мұрат Есмурзаев желілік полиция қызметкерлерімен бірлесіп қауіпсіздікті қадағалаған комиссия құрамында теміржол бойындағы жаяу жүргіншілер көп өтетін орындарда тұрған радио қондырғылардың дыбыс зорайтқышының жұмысын да тексерді.

Источник

Ардақ ЕРУБАЕВА,
Ақтөбе

Суретті түсірген автор