You are currently viewing Қауіпсіздік мәдениетін көтеру – басты міндет

Қауіпсіздік мәдениетін көтеру – басты міндет

  • Post category:Новости

Әлем халқы атап өтіп жатқан Дүниежүзілік еңбек қорғау күніне орай «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Магистральдық желі дирекциясы» филиалы да іс-шара ұйымдастырды. Компанияның бас ғимаратында өткен жиынға филиалдың еңбек қорғау және қауіпсіздік, өнеркәсіптік қауіпсіздік және экология департаменті басшылары мен қызметкерлері, басқа да құрылымдық бөлімшелері мамандары және кәсіподақ өкілдері қатысты.
Дүниежүзілік еңбек қорғау күніне орай биылғы жыл Қауіпсіз және қуатты жұмыс ортасы жылы деп аталғаны белгілі. Іс шара мақсаты – қоғам назарын еңбек қорғау және қауіпсіздік саласындағы мәселелерге аудару, жұмыс орындарында қауіп пен қатердің, өндірісте жазатайым оқиғалардың және кәсіби аурулардың алдын алуға ықпал ету. Қызметкерлердің қауіпсіздік мәдениетін арттыру мақсатында бұл күні магистральдық желі дирекциясы ұжымында өндірістік қауіпсіздік бойынша ашық есік күні жарияланды.
Дирекцияның бас инженері Қайырбай Орынбаев қызметкерлердің әлеуметтік тұрмыстық және еңбек жағдайын жасауға ерекше мән берілетінін жеткізді.
-Жұмыста біз өміріміздің көп бөлігін өткіземіз. Сондықтан еңбек қорғау – әрбірімізге қатысты тақырып. Кез келген жұмысшы қауіпсіз және салауатты өндірістік еңбек жағдайында жұмыс істеуге құқылы. Бұл ретте жұмыс беруші де, жұмыскер де белгіленген заң талаптары жүйесі негізінде сол қауіпсіз еңбекті құруға атсалысуы керек. Өндірісте жазатайым оқиғалардың болмауы үшін алдын алу қағидаттарына басымдық беріледі. Өзіңді ғана емес, әріптесіңнің де қамын ойлау – еңбек қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастырудың ең биік деңгейі. Ендеше бәріңізді қауіпсіздік сапасын барынша арттырып, жаңа деңгейге көтерілуіге шақырамын, – деді бас инженер.
Ал дирекцияның қауіпсіздік және еңбек қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік және экология департаменті директорының м.а Рауан Сүлейменов еңбек қорғау саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Статистикалық деректерге сүйенсек, 2010-2022 жылдар аралығында дирекция филиалдарында өндірісте 50 жұмысшы қайтыс болып, 57 жұмысшы мүгедек болған екен. Жұмыс беруші мен жұмысшылар еңбек жағдайы мәдениетінің жоқтығы өндірістік жарақат алудың алдын алуға кедергі болатынын түсінуі керек. Біздің қызметкерлерге еліміздің Еңбек заңында қарастырылған техника қауіпсіздігі ережелерін білу қажет. Еңбек мәдениеті, жайлылық пен қауіпсіздікті сақтау – басты міндетіміз. Бұл әр қызметкердің жауапкершілігі мен адалдығының өлшемі. Адам өмірі мен денсаулығы – осы өлшемге байланысты болады. Дирекция 2023 жылы әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды жақсарту және еңбекті ұйымдастыру сапасын арттыру бойынша бағдарламаны жүзеге асыруды жалғастыра береді. Атап айтқанда, биыл «Теміржолсу» АҚ күшімен 357 өндірістік ғимаратқа ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарланды. Жол монтерлерінің еңбек жағдайын жасау үшін 1224 контейнер жылытылатын етіп қайта жасақталады. Шалғай телімдерде жұмыс істейтін ПЧ және ШЧ қызметкерлері үшін 245 модуль алынады. Жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсарту және оларды санитарлық нормаларға сәйкестендіру үшін 2406 дана жиһаз бен тұрмыстық техника алынады, сонымен қатар жұмыс орындарын толық жасақтау үшін 9588 кеңсе техникасын алу көзделуде. Жұмысшылар мен құрал-саймандарды жұмыс орнына тасымалдау үшін 409 дана автокөлік алынады. Жұмыс өнімділігін арттыру, қол еңбегін азайтып, аса күрделі жұмыс процестерін механикаландыру мақсатында 1863 дана кіші механика құралдарына қол жеткізіледі, бұған қоса жұмысшыларды тасу үшін кран қондырғысы бар 4 дана мотовоз алу жоспарланған. Монтерлер үшін тамақ салатын 8904 термо сөмке алу да қарастырылған, – дейді Р. Сүлейменов.
Бейнеконференция арқылы дирекцияның ел өңірлеріндегі бөлімшелерімен байланыс жасалып, олар да атаулы жиынға қатысуға мүмкіндік алды және өз аймақтарында еңбек қорғау күніне орай өткен іс-шаралардан хабардар етті. Еңбек қорғау саласы мамандары мен кәсіподақ арасындағы өзара іс-қимыл туралы «Қазкәсіпкөлік» ҚБ Астана торабы филиалының төрағасы Серік Сәрсекеев пен дирекция кәсіподағының төрайымы Ботатаева Балжан баяндады.
Салтанатты жиында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге белсенді атсалысқан дирекция ұжымдары марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, өңірлердегі 10 бөлімшенің еңбек қорғау және қауіпсіздік, өнеркәсіптік қауіпсіздік, электр және экология бойынша бөлімдері, сонымен қатар Илецк теміржол телімі және Шығыс теміржол телімі мекемелері Алғыс хатпен марапатталды.
Кәсіподақ атынан еңбек қорғау саласына қосқан үлесі үшін аталған қауіпсіздік және еңбек қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік және экология департаментінің бас менеджері Баян Смайлова да Алғыс хатқа ие болды. Жиын соңы дирекция бөлімдері қызметкерлерінің арасындағы Квест-ойынға жалғасты. «Еңбек қорғау – менің борышым» атты ойын барысында екі командаға бөліп жарысқан қызметкерлер еңбек қауіпсіздігін сақтау бойынша түрлі сұрақтарға жауап беріп, жеңімпаз команда Дипломға ие болды.

Райхан Рахметова