You are currently viewing ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУҒА ДАЙЫНБЫЗ!

ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУҒА ДАЙЫНБЫЗ!

  • Post category:Новости

Әр мекемедегі бірнеше жүзден асатын еңбеккерлердің кез келген әлеуметтік мәселесінің оңтайлы шешілуіне атсалысатын кәсіподақ ұйымына жүктелетін салмақ жыл сайын артып келеді.

Қазалы белгі беру және байланыс дистанциясы кәсіподақ ұйымының төрағасы Ерсайын Сұлтанов – кәсіби жұмысына қоса кәсіподақ жұмысын қатар жүргізіп отырған маман. Өндірістің де, салалық кәсіподақтың да жұмысын білетін бесаспап жанға заңдық, құқықтың кеңес сұрап келетіндер көп. Олардың бәріне өз құзыреттілігі шеңберінде көмек беруге тырысады.
– Ағымдағы жылы түрлі жағдаймен көмек сұраған жұмысшылар мен зейнеткерлерге 1 550 000 теңге көлемінде қаражат берілді. Жұмыс жасап жүрген мүгедек жұмысшыларға 400 000 теңге қайырымдылық көмек көрсетілді. Жақын туыстары
қайтыс болғандарға 420 000 теңге берілді. Басқа да жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға, жуынатын бөлмелерге, дәретханаларға сантехникалық құрылғылар сатып алуға, мәдени-көпшілік іс-шараларға кәсіподақ бюджетінен 400 000 теңге қаржы бөлінді. Дүниежүзілік еңбек қорғау күніне орай «Үздік ұжым» атты байқау өткізіліп, бағалы сыйлықтарға 170 000 теңге қаржы жұмсадық. Сонымен қатар республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына кәсіподақ бюджетінен бірінші сыныпқа баратын 46 бүлдіршінге 601 000 теңге қаржыға сөмке және мектепке қажетті оқу құралдарын сатып алып табыс еттік.
Міне, осындай шаралардың бәрі кәсіподақ ұйымы тарапынан теміржолшылар мен олардың отбасы мүшелерін қолдауға бағытталған. Салалық кәсіпте өндірістік болсын, әлеуметтік болсын, барлық жұмыс белгіленген тәртіппен шешіледі. Одан
тысқары шаруалар жергілікті атқарушы органдар тарапынан шешілуі тиіс. Дегенмен теміржол саласында жұмыс жасаған кез келген адам алдымен өзі жұмыс жасаған мекеменің есігін сағалайтыны белгілі. Ондай мақсатта келген әріптестеріне жағдайдың түсіндіру, жол сілтеу, қажет болса көмек қолын созу – ең алдымен кәсіподақтың міндеті, әлеуметтік қолдауға әрбір жұмысшы лайық – дейді Ерсайын Сұлтанов.
Сонымен қатар барлық әлеуметтік мәселелер санатына қарай Ұжымдық шартта көрсетілген деңгейде шешілетінін ескерген кәсіподақ қызметкерлері өз жұмысында оны ең басты құжат ретінде басшылыққа алады. Кәсіподақ жұмысымен қосакәсіби жұмысының нағыз маманы атанған Ерсайын Сексеуіл-Қоскөл жаңа телімін іске қосуға көп еңбек сіңірді.
Жаңа жол құрылысына 4 жыл бойы ат салысып, 13 станцияны пайдалануға қосуға тікелей қатысты. – 2016 жылы дистанцияның кәсіподақ комитетінің төрағасы болып сайландым. Сол уақыттан бері марқұм Қаржаубай Қартабаев ағамыздың жұмысын жалғастырып келе жатырмын. Ол кісі өте сабырлы, үлкенге – құрмет кішіге ізет көрсететін,
мекемедегі басшылардан бастап жұмысшыға дейін құрметтейтін азамат еді. Мен сол кісінің салып берген сара
жолымен келе жатырмын.
Сондай беделді жанның ісін лайықты жалғастыра алам ба, жоқ па деп басында аздап жүрексінгенім де рас, – дейді
кәсіподақ жетекшісі. Биылғы төл мерекеге орай Магистральдық желі дирекциясы басшысының қолынан «Адал еңбегі үшін»
төсбелгімен марапатталған Ерсайын Ережеұлы осындай жан.


Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ,
Қазалы
Суретті түсірген автор