You are currently viewing 1 қазан – Халықаралық қарттар күні

1 қазан – Халықаралық қарттар күні

  • Post category:Новости

Қызылорда магистральдық желі бөлімшесі бастығы және осы мекеменің кәсіподақ ұйымының төрайымы Ажар Ерманова, Қызылорда қосалқы бөлімшесінің басшылығы мен кәсіподақ ұйымы төрағасы Мұхтар Көпірбаев, Қазалы вагон пайдалану депосының кәсіподақ ұйымының төрағасы Бақытжан Ибрайым, Қызылорда локомотив пайдалану депосынан Еркін Асанханов өз ұжымдарындағы ардагерлердің отбасына арнайы барып, қарияларға сый-сияпат жасады.

Ал Теміржолсу-Қызылорда мекемесінің бастығы Марат Шайжан мен ұжымның кәсіподақ ұйымының төрайымы Ұлболсын Құсбаева зейнеткерлер Амангелді Ділдабеков пен Сәуле Асанованың отбасына арнайы барып мерекемен құттықтап, қаржылай көмек берді, азық-түлік себетін табыстады.

Әріптестерін көргенде Сәуле апай мен Амангелді ағай балаша қуанып, алғысын білдірді. Соңғы кездері денсаулықтары сыр беріп, ерекше күтімге алынған зейнеткерлер бірер күнде ел астанасындағы дәрігерлік орталықтардан ем алу үшін жолға әзірлік жасауда екен.

«Біз мекеменің су торабында жұмыс жасадық. Әбекең 25 жыл, өзім 16 жыл қысымды су мұна- расында оператор болып тұтынушылардың таза ауыз сумен қамтамасыз етілуіне үлес қостық. Бүгінгі мерекеде біз сияқты зейнеткерлерін іздеп келіп, жағдайымызды білген сіздерге алғысымыз шексіз. Ең бастысы, денсаулық тілеймін, ел тыныштығы болып, еңбектерің жана берсін, – деп қос қария баталарын берді.

Аймақ теміржол мекемелерінің белсен- ділері қарт теміржолшылардың ізін басқан ізбасарлары, ұжымдастар атынан құттықтау бейнероликтерін дайындады. Сыр бойы теміржолшылары үлкендер батасымен тіршіліктері берекелі, шаруалары нәтижелі болатынына сенімді.

Сабырхан НӘДІРБАЕВ