You are currently viewing АРДАГЕР – ТОҚСАН ЖАСТА

АРДАГЕР – ТОҚСАН ЖАСТА

  • Post category:Новости

Астана локомотив пайдалану депосының ұжымы мен кәсіподақ ұйымы 90 жасқа толған ардагер Вера Петрованы арнайы
құттықтап барды. Елордада тұратын зейнеткер қария жылда ұмытпай келіп, жылы лебіздерін білдіретін бұрынғы әріптестерін көріп қуанып
қалды.

Депоның кадрлық жұмыстар бойынша менеджері Венера Қалмаханованың айтуынша, бүгінде депода 400-ден астам зейнеткер бар. Солардың бірі Вера Яковлевнаның салаға сіңірген еңбегі орасан зор. Ол – бірде бір байланыс құралы дамымаған заманда рейске шығуға кесте бойынша кезегі келіп тұрған локомотив бригадаларын жұмысқа шақырушы болған. Бір күнде 20 машинист пен олардың көмекшілерін шақыру үшін қарлы боранға, нөсер жауынға қарамастан үйлеріне іздеп барып, қараңғы көшелерде талай жыл құлап-сүрініп жүріп еңбек еткен.
Бүгінгілер оның әңгімесін ертегідей таң қала отырып тыңдайды. Одан бөлек нарядтаушы, таспа ашып оқушы болып та жұмыс істеген. Деподағы ардагерлер кеңесінің төрайымы Людмила Красноштанованың айтуынша, ол ең алғаш жұмысқа келгенде, көп нәрсені осы зейнеткерден үйренген.
Вера әжей Қарағандыда дүниеге келген. Ата-анасы Астраханнан жер аударылған. Әкесі теміржолда жолшы болған. Алайда әке-шешесі ерте қайтыс болып, Вера 14 жасында сіңлісі екеуі жетім қалады. Асханада, анда-мында жұмыс істеп жан бағады. Өсе келе жағдайлары түзелген соң жергілікті локомотив депосына жұмысқа тұрады. Бұл 1964 жыл екен. Осы жерде табан аудармай 30 жыл еңбек етіп, 1994 жылы құрметті зейнет демалысына шығады.
– Ол кез бен бүгінгі жұмыс жағдайын салыстыруға мүлдем келмейді. Машинистерді шақыру үшін көлік те, телефон да болған жоқ. Жаңбыр жауса, езіліп жататын тастай қараңғы тар көшелер, тоқал тамдар, сұрапыл суықтар мен аязды күндері жаяулатып қаланың түкпір-түкпірін жаяу аралап, машинистерді жұмысқа шақыратынмын. Заман сондай болды, бастысы тұрақты жұмысым, табысым болды. Бүгінде жағдай басқаша. Бәрі телефонмен жасалады, керемет қой. Мені ұмытпай, жыл сайын мереке сайын іздеп келіп тұратын ұжымыма алғысым шексіз, – дейді туған күн иесі.
Бүгінде Вера Яковлевна қызының қолында тұрады, оның өзі бүгінде зейнеткер. Ол да осы депода өмір бойы еңбек еткен. Қызынан туған немере ұлы мен келіні де қазір депода, бірі – машинист, бірі заңгер болып еңбек етуде.

Ұлан ОРАЗ
Суретті түсірген
Александр ЖАБЧУК