You are currently viewing АУДАНДЫҚ ЛИГАҒА ҚАТЫСУДА!

АУДАНДЫҚ ЛИГАҒА ҚАТЫСУДА!

  • Post category:Новости

Қазалы станциясында кіші футболдан өтіп жатқан әуесқойлар арасындағы аудандық футбол лигасына машинистерден құралған команда да қатысуда.

Қазалы айналым депосы басшылығы мекеме жастарының футболға деген құлшынысын жақсы біледі, сондықтан депо
атынан «ТД-23» командасын жасақтап, бәйгеге қосты. Уақыт өте келе әуесқойлар арасында «Б» лигасы ашылғанда депо
жастары бірігіп, «ТД-23 Локомотив» командасы болып құрылды. Команда жетекшісі Тоқтар Әлмахановтың айтуынша, «А» лигасында өнер көрсететін Әділбек Жұмахметов үздік қорғаушылар қатарынан көрінсе, Баубек Қожамұрат өткен жылдағыдай үздік шабуылшы атағын иемденіп келеді.
– Ал «Б» лигасында өнер көрсетіп жатқан Едіге Нұрислам 5 гол соғып, шабуылшылар қатарында көш бастаса, қорғаушылар Нұрлыбек Бимұрат, Көпжан Түлеков, Қуаныш Мұқан мен қақпашы Серік Өмірзақ бар жан-тәнімен қақпаны күзетуде.
Негізі қарап отырсақ, лигадағы сақа командалар ішінде тек «ТД-23» қана бір мекеменің ішінен құралып шығып тұр.
Осындай жарысқа қатысуға мүмкіндік берген депо ұжымына және Талғат Есқалиев, Бимұрат Ерлан, Алтынкүл Захароваға алғыс білдіреміз.
Әр сенбі және жексенбі күндері өтетін ойындарға депо ұжымы топ болып келіп командаға жанкүйерлік етіп жүр. Теміржолшы жастардың бос уақытын тиімді пайдалануына мұрындық болып, демеушілік жасап жүрген Қызылорда жол бөлімшесінің кәсіподақ төрағасы Мұхтар Көпірбаевқа алғыс білдіреміз, – дейді Т.Әлмаханов.
Лига жеңімпазы биыл Астана қаласында өтетін әуесқойлар арасындағы республикалық чемпиондар лигасына қатысуға
жолдама алады. Соңғы жарыс ақпан айында өтеді. Бұған дейін олар «Намыс», «17 Спорт бөлімі» командасын жеңіп, «Қайсар», «Авангард» командаларымен тең түсті, алайда «Сыр маржаны» ойыншыларынан ұтылып қалды. Бұған дейін әлі еш мекемеден жеңіліп көрмеген теміржолшылар командасы алдағы жарыстан зор үмітті. Себебі олар бұған дейін де футболдан Қазалы қаласының чемпионы, Қазалы станциясының теміржолшылар арасындағы чемпионы, Қызылорда облысында теміржолшылар арасында чемпион атанған.

Ұлан ОРАЗ,
Астана

Суретті түсірген автор