You are currently viewing Бүлдіршіндерге базарлық таратты

Бүлдіршіндерге базарлық таратты

  • Post category:Новости

Баласының жаңа оқу жылына дайындығына алаңдайтын әрбір ата-ана секілді аймақ теміржолшылары да мектеп оқушыларын мектепке дайындауға атсалысуда.

«Теміржолсу-Қызылорда» мекемесінің ұжымы кәсіподақ төрайымы Ұлбосын Құсбаеваның ұйымдастыруымен «Мектепке жол» акциясын өткізді. Мекеме теміржолшыларының алғашқы сыныпқа баратын бүлдіршіндеріне оқу-құралдары толтырылған сөмке таратылып, қаржылай да қолдау көрсетіліп, 450 мың теңге көлемінде қаражат берілді.

Мекеме бастығы Марат Шайжан мен «Қазкөліккәсіп» ҚБ Қызылорда филиалы төрағасы Бауыржан Ахметов Білім күніне байланысты мектеп табалдырығын енді аттағалы отырған балалар мен олардың ата-аналарын құттықтап, бүлдіршіндердің білім нәрімен алаңсыз сусындауына тілеулес екендігін білдірді.

– «Мектепке жол» акциясына мекеме тарапынан 350 мың теңге, кәсіподақ ұйымы атынан 100 мың теңге бөлінді. Әртүрлі әлеуметтік топтағы сегіз балаға мектеп құралдары толтырылған мектеп сөмкесі дайындалып берілді. Сонымен қатар Жосалы мен Шиелі станциясында жұмыс жасайтын теміржолшылардың қамқорлыққа мұқтаж отбасы санатындағы балаларға да дәл осындай сыйлығымызды тапсыратын боламыз. Акцияға байланысты жетпіске жуық балаға қолдау көрсетілді, – деген «Қазкөліккәсіп» ҚБ Қызылорда филиалы төрағасы Бауыржан Ахметов бес балаға өз қаражатынан сыйлық жасапты.

Мекеме қолдауына разы болған ата-аналар алғыс білдірді.

Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда

Суретті түсірген автор