You are currently viewing Бұқараға  қызмет  ететін бірегей  жоба

Бұқараға қызмет ететін бірегей жоба

  • Post category:Новости

«Самұрық-Қазына» АҚ Қоғамдық кеңесінде Қор атынан қайырымдылық қызметін жүргізетін ірі донор «Samruk-Kazyna Trust» қоры мен «ҚТЖ»ҰК» АҚ бірлесе жүргізіп жатқан жобалар сөз болды.

Соның ішінде, «Samruk-Kazyna Trust» қоры «Қазақстан темір жолы» компаниясындағы Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры арқылы ағымдағы жылы «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» медициналық пойыздарының іске қосылуына себепші болып отырғаны айтылды. Бұл жоба – еліміздің шалғай аудандары тұрғындарына білікті медициналық көмек көрсетуді мақсат ететін бірегей жоба ретінде танылған.

«Қордың 2022 жылға арналған Қайырымдылық бағдарламасы 10 миллиард теңгені құрайды. Оның ішінде бүгінде 4,18 млрд теңгенің 14 жобасы мақұлданды. Әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға өтінімдер «Samruk-Kazyna Trust» сайтында орналастырылған қайырымдылық көмек көрсету ережесіне сәйкес үкіметтік емес ұйымдардан қабылданады. Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» кәсіпорындары бар өңірлерде өзіміз жобаларды жүзеге асыруға бастама көтере аламыз», – деді есептік сөзінде «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева.

Доңғалақ үстіндегі емханалардың жұмысы жалпы алғанда, шалғайда орналасқан 147 станцияны қамтымақ. «Жәрдем» 23 мамырдан 6 қарашаға дейін 80 станцияны, ал «Саламатты Қазақстан» 20 маусымнан 2 қарашаға дейін 67 станцияны араламақ. Пойыздар жалпы саны 60 000 адамды қамтып, дәрігердің қабылдауына келу саны 100 000, диагностикалық емшара саны 18 000, шағын хирургиялық операция саны 1200 болса, 8000 пациентке стоматологиялық көмек көрсетіледі деп күтіліп отыр.

Атап өтерлік жайт, медициналық пойыздар бүкіл Қазақстанды аралайды: «Жәрдем» – Қызылорда, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл облыстарына; «Саламатты Қазақстан» Алматы, Жетісу, Абай, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай және Қарағанды, Ұлытау облыстарына барады.

Медициналық персоналдың құрамында әртүрлі бейіндегі білікті мамандар: терапевт, педиатр, кардиолог, невропатолог, офтальмолог, гинеколог, хирург, уролог, маммолог, рентгенолог, кардиолог, УДЗ дәрігері, эндоскопист, функционалдық диагностика дәрігері және стоматолог бар. Биыл білікті мамандардың қатары психолог және тері аурулары дәрігерлерімен толықты.

Медициналық жабдықтар – жапон және неміс технологиясының өнімі: аппаратура қажет болған жағдайда кеңейтілген жалпы және биохимиялық талдаулар, рентгенография мен флюрография, ішкі ағзалар мен тамырлардың УДЗ-зерттеулерін, электрокардиограмма, гастрофиброскопия және диагностикалық зерттеулердің басқа да түрлерін жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, биыл тіс емдеу құрылғылары жаңартылған.

Қысқасы, тараптар қолға алып отырған жобалар бұқара халыққа қызмет ететін болады дейді Қоғамдық кеңесте есеп берген Қор басшылығы.

Алдаберген Кемпірбаев, Нұр-Сұлтан