You are currently viewing БҰРЫМДЫЛАР БОУЛИНГ ОЙНАДЫ!

БҰРЫМДЫЛАР БОУЛИНГ ОЙНАДЫ!

  • Post category:Новости

«Қазкөліккәсіп» ҚБның 30 жылдығына және «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы халықаралық күрес
күніне» орай жамбылдық болат жолдың бұрымдылары боулинг алаңында кездесті.

Шараны «Жамбыл ЖТ бөлімшесінің» кәсіподағы ұйымдастырып, оған бөлімшеге қарасты Тараз, Шу, Түрксіб станцияларындағы теміржол мекемелерінің арулары қатысты. Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінің бас инженері Дүйсен Сыдықов, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуде күндіз-түні тынбай еңбек етіп жүрген теміржолшы әйелдерге сәттілік тіледі. Ойын екі кезеңмен өтіп, оған алты команда қатысты. Бірінші кезең командалық, екінші кезең – жеке ойыншының шеберлігін анықтауға арналды. Әр команда құрамында 7 адам ойын көрігін қыздырды. Алғашқы командалық ойынның нәтижесімен «Тараз станциясы» бірінші, «Жамбыл ЖТ бөлімшесі» екінші, «Жамбыл локомотив пайдалану депосы» үшінші орынды иеленді. Ал жеке ойыншының шеберлігін анықтаған жарыста Жамбыл локомотив пайдалану депосы кадр бөлімінің басшысы Гүлвира Мұратбаева сұрмергендігімен топ жарып, қарсыластарын қапа қалдырды. Екінші орын мінберінен Жамбыл вагон пайдалану депосы кадр бөлімінің басшысы Баян Қондыбаева табылса, «Жамбыл ЖТ бөлімшесі» Техникалық құжаттар бөлімінің аға тауар кассирі Асыл Жүкеева үшінші орынды иеленді. Жеңімпаздар қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Бұл күні ойынға қатысқан 42 қыз-келіншектің ешқайсысы сый-сияпатсыз қалмады. Шу станциясының аға операторы
Надежда Усманова «жасы үлкен қатысушы» аталымын иеленсе, Түрксіб станциясынан келген Махаббат Керімқұл «ең жас қатысушы» аталымына ие болды. Барлық қатысушыларға жанашыр болып қолдап, сүйеп, демеп жүрген Жамбыл бөлімшесі кадрлар бөлімінің менеджері Қымбат Ақжолова «Жанкүйерлер көзайымы» атанды. Қалғандарына бағалы сыйлықтар таратылды.


Ерман ӘБДИЕВ, Жамбыл
Суретті түсірген автор