You are currently viewing БАБА ІЗІН БАСҚАН ШӨБЕРЕ!

БАБА ІЗІН БАСҚАН ШӨБЕРЕ!

  • Post category:Новости

Компанияның түрлі құрылымдық бөлімшелерінде өз ісіне адал, темір жолды ата-бабасынан бері кәсіп етіп, абыройлы еңбегімен көзге түскен жастар көп. Солардың бірі – Қазалы белгі беру және байланыс дистанциясының өндірістік оқыту шебері Гүлзат Ерімбетова.

Гүлзаттың басты мақтанышы – Қызылорданың тұңғыш теміржолшысы болған Оразмахан Ерімбетов есімді үлкен атасы. Бабасынан басталған теміржолшылық кәсіп қазір ұрпақтан ұрпаққа жалғасуда. Өңірге аты мәлім теміржолшының суреті мен киімдері ШЧ-40 мекемесінің мұражайында ілулі тұр. Өз атасы Жүніс Ерімбетов станция бастығы болған. Екі атасы да соғыс ардагерлері. Әкесі Арыстанбек болса, қазір өзі еңбек ететін дистанцияда 40 жыл механик болып жұмыс істеген. Міне, енді Гүлзат пен інісі де осы мекемеде абыройлы қызмет етіп келеді. 21 жасында еңбек жолын электр монтері болып бастаған Гүлзат 2018 жылдан бері басшылық ұсынысымен өндірістік оқыту шебері болып тағайындалды. Өзі теміржолда бакалаврлық және магистрлік білім алып, мұнымен қоса заң саласында да жоғары оқу орнын тәмамдаған.
– Біздің мекеменің қызмет ету аумағы Жосалыдан басталып, Қоскөл станциясына дейін жетеді. Осы аралықта 34 бөлек
пункт, яғни станция мен бекеттер бар. Дистанцияда барлығы 368 адам еңбек етсе, соның 340-ын оқытамын. Айына техникалық сабақ өткізуге бәрін бір рет дистанцияға жинаймын. Басқа уақытта көбіне желі бойын аралаймын, сол жерлерде сабақтар өткіземін. Теориялық білімді практика жүзінде көрсетуге тырысамын. Оқу барысында №866 бұйрық бойынша шығарылған өндірістік оқытуды ұйымдастыру стандартына және қосымша ережеге сүйенеміз. Үш техникалық картамыз бар. Қызметкерлерді оқыту олардың дәрежесіне қарай күрделене береді. Монтерлердің 3-разрядына техкарталар арқылы
оқытса, жоғарғы 7-разряд бойынша ағыту жұмыстары, қалай рұқсат алу керектігі айтылады. Қазалы дистанциясында заманауи құралдармен оқыту әдістерін пайдаланып, қысқа да нұсқа айтуға тырысамын, – дейді Гүлзат Ерімбетова.
Болашағын осы саламен ғана байланыстыратын Гүлзат – бүгінде екі баланың анасы. Кейіпкерімізге өзге мекемелерден
де жұмысқа шақырып, бірнеше мәрте ұсыныс түсіпті. Бірақ Гүлзаттың ата-бабасының ізі қалған темір жол саласын басқа
салаға айырбастағысы жоқ. Тіпті, кезінде ҚазҰУ-дың «мехматына» грантқа түсіп тұрса да, «бүйрегі» темір жолға бұрып, теміржолшы мамандығын таңдапты. Білімі мен білігі мол жас маман компания басшылары атынан талай рет марапатталған. Жастар форумына қатысып, қашан да белсенділік танытатын Гүлзаттың алар асуы алда екеніне әріптестері бек сенімді.

источник


Райхан РАХМЕТОВА
Суретті түсірген автор