You are currently viewing Байланысшылар  бағы  жанды

Байланысшылар бағы жанды

  • Post category:Новости

Шымкент жүк тасымалы бөлімшесінде «Қазкөліккәсіп» қоғамдық бірлестігінің 30 жылдығына орай теміржолшылар арасында жүгіруден эстафета және шағын футболдан жарыс өтті.

Бұқаралық спорт пен дене шынықтыруды онсыз да бірінші орынға қоятын теміржолшылар сала кәсіп- одағының мерейтойына арналған іс-шараға барын салды. Белсеніп шыққан алты команданың осалы жоқ. Кәсіподақтың демеушілігімен барлық команда арнайы спорттық киіммен қамтамасыз етілді. Сайыс ережесі таныстырылған соң ойын басталды.

«Шағын футболда команда құрамында 8 адамнан, екі таймда 10 минут үзіліссіз ойнап шығатыны ескертілді. Сондай-ақ жаяу жарыс эстафетасында да ұпай тең болған жағдайда барлық ойындарда ең көп жеңіске жеткен команданың артықшылыққа ие болатыны алдын ала құлаққағыс етілді. Жарысқа қатысушылар дайындығы жоғары екеніне алғашқы айналымда-ақ көз жеткіздік, екі жарыс та қызықты әрі тартысты өтті», – деп атап өтті ұйымдастырушы, аймақтың спорт бойынша нұсқаушысы Елена Маньшина.

Қай команда болсын жаман өнер көрсеткен жоқ. Десе де, бұл жолы байланысшылар бағы жанды, Шымкент белгі беру-байланыс дистанциясы – ШЧ-38 жарыстың екі түрінен де бәйгенің алдын бермеді. Сол сияқты оларды өкшелей қуып станциялықтар да қалыспады. Ойын қорытындысы бойынша эстафеталық жарыста 1-орынға ШЧ-38, 2-орынға ДС, 3-орынға ВЧД ие болды. Ал шағын футболдан бірінші орынды тағы да ШЧ-38, екінші орынды ДС, үшінші орынды ТЧЭ-32 иеленді.

Жеңімпаз командалар кәсіподақ тарапынан арнайы марапатталды.

Жан ПЕРДЕБЕК, Шымкент

Суретті түсірген автор