БАЙЫРҒЫ ДЕПОДАҒЫ БЕРЕКЕЛІ ТІРЛІК!

  • Post category:Новости

Жамбыл вагон жөндеу депосының тарихы бай. Кеңес одағы кезінде аяқ жетер жердегі жылжымалы құрамға қызмет көрсеткен кәсіпорынның бүгінгі таңда да көтерген жүгі жеңіл емес. Мұнда жүк вагондарының барлық түрі, сонымен қатар транзиттік вагондар да жөнделеді.

Кәсіпорында алты техникалық қызмет көрсету пункті, үш ағымдағы жөндеу пункті, екі вагондарды дайындау пункті, тежегіш жабдықтарын жөндеу пункті бар. Олар Тараз, Сарышаған, Түрксіб, Шу, Жаңатас, Қаратау станцияларында орналасқан. Жалпы, 1256 шақырымдағы жол бойына қатынайтын жылжымалы құрамдар жарақтығы жамбылдық депоның құзыретінде. Осы аралықта ақауы анықталса, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, т.б мемлекеттердің вагондарына да барлық техникалық қызмет көрсетіледі.
Бүгінде 600-ден астам адам еңбек ететін кәсіпорында 2022 жылы жоспар бойынша 2577 вагон жөндеуден өтуі межеленсе, бұл көрсеткіш 2675 вагонға орындалып, жоспар 105 пайызды құраған. 59 миллион теңгенің жұмысы атқарылуы керек болса, ол көрсеткіш 123 миллионға жетіп, 207 пайызға орындалған.
Өткен жылы жүк вагондарының 33 ақауын тапқан (олардың дені вагон шаруашылығында кең тараған бүйір рамасының ақауы) 12 вагон қараушы ақшалай сыйақы мен түрлі марапаттарға ие болды. Депо бастығы Талғат Жасұзақов «Адал еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталса, екі депо жұмысшысы «Құрметті теміржолшы» атағына ие болды.
– Қысқа жүз пайыз дайындықпен кірдік.

Ең үлкен жетістігіміз – барлық желі толық электрленіп жатыр. Бұл – пилоттық жоба аясында жүріп жатқан жұмыстар. Көмірден бас тартуды көздеуіміз – ең алдымен экологияны жақсартуға, сол арқылы өндірісті сауықтырып, жұмысшылардың денсаулығын сақтауға ықпал ету. Сосын экономикалық тиімділік те бар әрине. Қазір тек Тараз техникалық қызмет көрсету пункті көмірмен жылытылуда. Өндірістік алаңдарға бейнебақылау орнату жұмыстары да жүргізілуде. Бүгінгі күні Тараз техникалық қызмет көрсету пунктіне кәсіподақтың көмегімен 9 камера, әкімшілік ғимаратқа 4 камера, Шу ағымдағы жөндеу пунктінде 4 камера және Тараз ағымдағы жөндеу пунктіне 2 камера орнаттық, – дейді Талғат Советұлы.

Источник

Ерман ӘБДИЕВ,
Жамбыл