You are currently viewing БАСТЫ НАЗАР – ӨНДІРІСКЕ!

БАСТЫ НАЗАР – ӨНДІРІСКЕ!

  • Post category:Новости

Жамбыл магистральдық желі бөлімшесіне қарасты Түлкібас жол дистанциясының кәсіподақ комитеті үздік атанған ұйым. Кәсіподақ филиалының төрағасы Тахир Дадабаев мекеме өміріндегі маңызды істерде кәсіподақтың қандай рөл атқаратынын айтып берді.

Оның айтуынша, кәсіподақ дистанция өміріне белсене араласады, мысалы, техникалық сабақтардың кәсіби деңгейде
ұйымдастырылуы үшін заманауи техникалармен жабдықталуына кәсіподақтың үлесі зор. Ғимарат аумағында тәжірибелік
сабақтар өткізуге арналған полигон салынған. Өндірістік оқыту шебері мен еңбек қорғау кабинеті кәсіподақ қаржысының арқасында кинопроекторлармен жабдықталып, жөнделген. Бастапқы ұйым көмегімен асхана қолданысқа беріліп, барлық кабинеттерге жиһаздар, тұрмыстық бұйымдар алынған. 120 орындық акт залға күрделі жөндеу жүргізуге де кәсіподақ ұйымы көмегін берген. Сонымен қатар дистанция қызметкерлерінің күшімен әкімшілік ғимараттың сыртына косметикалық жөндеу жасалған.
– Басты назарды өндіріске аударамыз. Кәсіподақ, сонымен қатар жасанды құрылымдар цехын, шеберхананы, ақау табу цехы мен 5, 11 айналымдарды жиһазбен жабдықтауға атсалысты. Барлық күзетілетін өткелдерге шәйнек, жылыту құралдары, тамақ ысытатын пештер, қол жуатын жабдықтар алып бердік. Ірі тораптық станциялардағы өткелдерге кішкентай тоңазытқыштар алынды. Сондай-ақ бізге теміржолшылар көбіне өздерінің немесе отбасы мүшелерінің денсаулығына байланысты қаржылай көмек сұрап, жүгінеді. Сол тұрғыда да тұрақты көмек беріледі, – дейді
ұйым басшысы.
Ғасырлық тарихы бар жол дистанциясында кәсіподақ ұйымын басқарумен қатар негізгі жұмысы персонал жөніндегі менеджер болып еңбек ететін Тахир Дадабаев – осында еңбек еткен бірнеше буын теміржолшылар династиясының ұрпағы. Оның бұл қызметті қоса атқарып келе жатқанына екі жылға жуықтады. Өзімен бірге кәсіподақ жұмысына тағы бес қызметкер тартылған. Бүгінде 271 адам еңбек ететін дистанция Түлкібас-Жамбыл бағытындағы теміржолдың күтімін жасауға жауапты. Олардың бәрі дерлік кәсіподаққа мүше. Дистанцияда үш өндірістік телім, 11 айналым, ақаутапқыш цехы, шеберхана және жасанды құрылыстар цехы бар. 2018 жылы жастар форумында дистанция ҚТЖ бойынша «белгі беруші датчик» жобасын ұсынып, бірінші орын алды. Бұл құрылғы қазіргі таңда компания басшылығының қадағалауында.
Түлкібастық кәсіподақ жетекшісі биыл еліміздегі емдеу-сауықтыру санаторийлеріне баруға дистанцияның 20 қызметкеріне жолдама берілгенін, сондай-ақ 23 бала жазғы лагерьде демалып қайтқанын айтты. «Мектепке жол» акциясы аясында мекемедегі көп балалы және аз қамтылған 23 отбасының балаларына көмектескен. Кәсіподақтың 30 жылдығы аясында және теміржолшылардың төл мерекесі қарсаңында түрлі спорттық және мәдени іс-шаралар ұйымдастыруда да кәсіподақ белсенді жұмыс жүргізуде.

Ұлан ОРАЗ,
Жамбыл

Суретті түсірген автор