You are currently viewing Бейбіт  күннің  батыры

Бейбіт күннің батыры

  • Post category:Новости

Елорда күні қарсаңындағы демалыс күндері «Жолаушылар тасымалы» АҚ техникалық саясат департаментінің бас менеджері Данияр Зият Серікұлы суға батып бара жатқан екі жасөспірімді құтқарып қалды. Осылайша, ұлттық компания қызметкерлері үшін басты ұстаным болып саналатын корпоративтік құндылықтарды бойына сіңірген теміржолшы жігіт ерлік жасап, өз ісімен көпке үлгі болды.

Шымкент қаласының тумасы Данияр Серікұлы теміржол саласында жоғары білім алған соң еңбек жолын 2009 жылы «Жолаушылар тасымалы» компаниясының «Экспресс» филиалында бірінші санатты техник болып бастаған. Содан бері 12 жыл ішінде ол осы компанияда еңбек етіп келеді. Бүгінгі таңда жұмысын елордадағы бас ғимаратта жалғастыруда. Негізгі міндеті – пойыздардың отынмен жабдықталуы, оларды үнемдеу, жолаушылар пойыздарын қысқы және жазғы мезгілге дайындау, шаруашылықты әзірлеу, сол бағытта дайындықты тексеру, т.т. Салаға сіңірген еңбегі үшін «ҚТЖ» ҰК» АҚ және «Жолаушы тасымалы» АҚ басшылығы тарапынан бірнеше рет Құрмет грамоталарына ие болған, «Үздік маман» атағын иеленген.

Сол күнгі оқиғаға оралсақ, Есіл жағалауында кішкентай екі қызымен серуендеп жүрген Данияр көпір үстінен төменде 13-14 жастағы екі қыздың суға батып бара жатқанын көріп, ойланбастан оларды құтқаруға жүгіреді.

– Бұл қыздар өзеннің жиегі бірден тік құлама тұсында «Тик-ток» түсірмекші болған екен. Сол кезде жағасында саздан аяқтары тайып, әуелі біреуі құлаған. Оны құтқарам деп екіншісі түскен. Мен жүгіре жетіп, суға киіммен күмп бердім. Су аяқ тимейтін терең екенін бірден сездім. Оларды құтқару да едәуір қиындық келтірді. Олар бір-біріне жабысып алған. Тек судың бетінде қолдары ғана шығып батып барады. Дереу екеуін жағаға қарай сүйрей бастадым, әбден үрейленіп, менің өзімді басып жатыр. Сосын судың астымен сүңгіп, екеуін 5-6 рет қатты екпінмен жағаға қарай итердім. Арасында жоғары шығып ауа жұтып алдым. Жағаға жақындағанда сол жерде жүрген жұмысшылар да көмекке келіп, тартып алды. Әбден шаршап болдырсам да бәрі сәтті аяқталғанына қуандым, – дейді Данияр.

Сол жерде қыздарға алғашқы көмек көрсетіліп, барлық қызметтер жиналады. Бір қызығы, екі қыздың да ата-анасы теміржолда қызмет ететін болып шықты. Олар Даниярға зор алғысын білдіріп, қыздарын аман алып қалған теміржолшының бұл ерлігі елеусіз қалмай, марапатқа ұсынылса дейді. Несі бар, бейбіт күннің батыры деп осындай жандарды айтса жарасады. Даниярдың бұл ерлігі теміржол компаниясы тарапынан ерекше бағаланып, ол туралы бейнеролик дайындалмақ.

Райхан РАХМЕТОВА