БЕЙНЕТІРКЕГІШТЕР НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?

  • Post category:Новости

Келер жылы Маңғыстауда локомотивтерге бейнетіркегіш құрылғысы орнатылады деп күтілуде. Бұл туралы жуырда
Маңғыстау станциясындағы желілік полиция бөлімінде өт- кен дөңгелек үстелде айтылды.

Осы арада, бейнетіркегіштер не үшін қажет дейтін болсақ, оның қозғалыс қауіпсіздігін сақтаумен қатар тасымалданатын жүктердің сақталуын қамтамасыз ету, шұғыл тежегіштерді, құрамдардың кестеге сай емес тұрақтарын, сондай-ақ жазатайым оқиғаларды тіркеу мақсатында аса қажеттілігі жиында мәселе болып көтерілді. Аталған басқосу ҚР Ішкі істер министрі мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі бірлесе бекіткен «ҚР теміржолында қауіпсіздік деңгейін және мүліктің сақталуын арттыру бойынша 2022-2024 жылдарға арналған Жол картасы» аясында өтті. Оған Маңғыстау
станциясындағы желілік полиция бөлімшесінің, Маңғыстау қосалқы бөлімінің, Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесінің, Маңғыстау локомотив пайдалану депосының, Маңғыстау жол дистанциясының өкілдері қатысып, «Жол картасының» тармақтарын орындау бойынша өзара іс-қимылдар ұйымдастыру жөнінде кеңесті. Теміржолдағы қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында адамдар мен жануарлардың теміржол үстіне шығуын болдырмау үшін темір жол бойындағы орнатылған қоршауларды жөндеу және жаңаларын орнату жөнінде жоспарлар пысықталды. Сонымен қатар көлік объектілерінде – станциялар мен бекеттерде, жолаушылар пойыздарының вагондары және мейрамхана вагондарында, локомотивтерде бейнебақылау құрылғысын орнату бойынша жұмыстар міндеттелді.
Жедел кеңесті ашып, жиынға төрағалық еткен Маңғыстау станциясындағы желілік полиция бөлімшесі бастығының бірінші орынбасары Р.Шманов, биылғы он айда 68 жедел тежеу фактісі болғанын, оның ішінде малды басып кету жағдайы 62 екенін алға тартты. Мал иесін анықтау жұмыстары барысында соның 37-сі анықталған. 2021 жылы 112 фактіден 67-сі ашылып, жауапкершілікке тартылған.
Ал Маңғыстау локомотив депосының бас инженері М.Құдабаев 2ТЭ10МК және ТЭМ сериялық локомотивтеріне бейнетіркегіштер орнату жоспарда жоқ екенін атап өтті. Оның айтуынша, келер жылы 37 бірлік 2ТЭ10МК және 15 бірлік ТЭМ локомотивтерінің қызмет ету мерзімі аяқталмақ. Тек 2023 жылы жаңа сериялық ТЭП33А, ТЭ33А, СКДЕKZ және KZ4 локомотивтерге бейнетіркегіштер орнату жоспарланған. «Жалпы бейнетіркегіштердің қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуде септігі мол», – деді ол.

Источник

Шахида ЖҰМАН,
Маңғыстау