Вы сейчас просматриваете «Қазтеміржолкәсіп» жастарға арналған кәсіби бағдар беру лагерін ұйымдастырды

«Қазтеміржолкәсіп» жастарға арналған кәсіби бағдар беру лагерін ұйымдастырды

Астана қаласында жастарға арналған кәсіби бағдар беру лагерінің бағдарламасы ұйымдастырылды. Бағдарлама аясында қатысушылар еліміздің жетекші жоғары оқу орындарына барып, білім беру мүмкіндіктерімен, оқу бағдарламаларымен және студенттік өмір ерекшеліктерімен танысты.

Лагерьге ҚТЖ қызметкерлері – Кәсіподақ мүшелерінің балалары, сондай-ақ 9–10 сынып оқушылары қатысты. Іс-шараны теміржол саласы қызметкерлерін біріктіретін және маңызды әлеуметтік бастамаларды жүзеге асырып келе жатқан «Қазтеміржолкәсіп» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

Бағдарлама барысында оқушылар Coventry University Kazakhstan, Maqsut Narikbayev University, Astana IT University, Cardiff University Kazakhstan және Nazarbayev University университеттеріне экскурсия жасап, оқу орындарының өкілдерімен кездесті. Қатысушыларға қабылдау талаптары, халықаралық бағдарламалар, тағылымдамалар, оқу ақысы мен гранттық мүмкіндіктер жөнінде жан-жақты ақпарат берілді.

Сонымен қатар, бағдарлама аясында қатысушылардың кәсіби қызығушылықтары мен қабілеттерін анықтауға арналған жеке диагностика ұйымдастырылды. Болашақ мамандықтар, жасанды интеллектінің еңбек нарығына әсері, кәсіпкерлік және жұмыспен қамту мәселелері бойынша мазмұнды кездесулер өтті.

Лагерь барысында мансаптық жоспарлау, білім беру траекториясын қалыптастыру, портфолио дайындау және кәсіби ойлау дағдыларын дамыту тақырыптарына ерекше назар аударылды.

Кәсіподақ төрағасының орынбасары Аман Төреғожин мұндай жобалардың жастардың болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына, еңбек нарығындағы заманауи үрдістерді түсінуіне және кәсіби дамуына оң ықпал ететінін атап өтті.

Іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырып, кәсіби бағдар беру жобасының жүзеге асуына үлес қосқаны үшін Дина Сауытбековаға ерекше алғыс білдірілді.