Кәсіподақ ұйымының 120 жылдық мерекесіне орай жыл басынан бері аймақ бойынша төрт тораптық станцияда өткізілген өңірлік іріктеу ту- рының жеңімпазы анықталды. Ол – Қызылорда локомотив пайдалану депосының «ТЧЭ-34» құрама командасы.
Ойыншылар қатарында машинистер Р.Есенбеков, Н.Көбеков, Н.Ибадулаев, машинист көмекшілері К.Сегізбаев, А.Алмурзаев, Д.Шүленов, Н.Серікбаев пен А.Қонымбетов бар. Турнир басталар алдында «Қазкөліккәсіп» ҚБ Қызылорда филиалының төрағасы Бауыржан Ахметов пен спорт нұсқаушы Бақытжан Имбергенов әріптестерін құттықтап, тораптық жарыстың жеңімпазы атанып топ жарған үздіктердің жолдаманы сарапқа салар ойынына сәттілік тіледі.
Ойын барысында футболдың қауіпсіздік қағидалары мен ойын тәртібінің қатаң сақталуы қажеттігін ескертіп, теміржолшыларға сәттілік тіледі.
– Қызылорда станциясында кәсіподақтың 120 жылдық мерейтойы аясында спорттық шаралар өтіп жатыр. Бүгін шағын футболдан «Қазкөліккәсіп-2025 теміржол футбол лигасының кубогы» іріктеу турнирі өтті. Жарысқа бұған дейін ойындардағы 16 құрама команданың ішінде дараланып, әріптестерін тізе бүктіріп, жеңіске жеткен Сексеуіл жол дистанциясының «ПЧ-59», Қазалы белгі беру және байланыс дистанциясының «ШЧ-40», сондай-ақ Қызылорда локомотив пайдалану депосының «ТЧЭ-34» құрамалары қатысып, келесі өңірлік айналымның жолдамасын сарапқа салды. Шымкент қаласында өткізілетін оңтүстік аймақтық турнирдің ойынына берілетін жолдаманы «ТЧЭ-34» құрамасы иеленді. Бұл турнир – теміржолшылардың бірлігін, ұйымшылдығын арттырып қана қоймай, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған игі бастама, – деді төраға Бауыржан Ахметов.
Сонымен 1-орын тактикалық тұрғыда сауатты ойнап, шабуылда қарымды болған «ТЧЭ-34» командасына, 2-орын қайсар мінез танытқан «ПЧ-59» командасына, ал 3-орын қорғанысынан сыр бермегенімен, жеңіске деген құлшыныс білдірген «ШЧ-40» құрамасына бұйырды. Турнирдің үздіктері де анықталып, олар әріптестерінің қошеметіне бөленді.
Сонымен үздік ойыншы деп Рүстем Есенбеков (ТЧЭ-34), үздік қорғаушы – Тұңғышбай Бақытжанов (ПЧ-59), үздік қақпашы – Нұрбол Серікбаев (ТЧЭ-34) және «ШЧ-40» құрамасының ойыншысы Нұрдастан Өтегенов үздік шабуылшы атанды. Турнирдің жеке дара үздіктері атанған ойыншыларға және жалпы жеңімпаздарға кәсіподақ ұйымдары тарапынан әзірленген арнайы грамоталар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ,
Қызылорда
Суреттерді түсірген автор

