Вы сейчас просматриваете Атырау магистральдық желі бөлімшесінің Кәсіподақ ұйымының қолдауымен Балаларды қорғау күні аталып өтті

Атырау магистральдық желі бөлімшесінің Кәсіподақ ұйымының қолдауымен Балаларды қорғау күні аталып өтті

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Атырау магистральдық желі бөлімшесінің Кәсіподақ ұйымы теміржолшылардың балаларына мерекелік сыйлықтар ұйымдастырды.

Мереке аясында Құлсарыда 56, Мақатта 120 және Атырау қаласында 365 бала ойын-сауық орталықтарына арналған сертификаттарға ие болды. Бұл сертификаттар балаларға жазғы демалыс кезінде ойын-сауық орталықтарына барып, бос уақыттарын қызықты әрі пайдалы өткізуге мүмкіндік береді.

Атырау магистральдық желі бөлімшесі Кәсіподақ ұйымының төрағасы Марат Бисенғалиевтің айтуынша, бөлімшеге қарасты барлық мекеме қызметкерлерінің балалары мерекелік іс-шаралармен қамтылған. Сонымен қатар шалғай станцияларда да балаларға арналған ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылып, көтеріңкі көңіл күй сыйланды.

Мерекелік шаралармен қатар қайырымдылық акциясы да өткізілді. Атырау магистральдық желі бөлімшесінің кадр бөлімінің бастығы Анар Жалғасбаеваның мәліметінше, «Бақытты балалық шақ – әр баланың құқығы» атты акция аясында Атырау қаласындағы Балалар үйі мен мүгедектігі бар балаларға арналған мекемелерге көмек көрсетілді.

Қызметкерлердің ерікті түрде қатысуымен жиналған ойыншықтар, сурет салуға арналған бояулар, қалам-қағаздар, тәттілер және жылы киімдер балаларға табысталды.

– Біз биыл «Бақытты балалық шақ – әр баланың құқығы» атты акция ұйымдастырып, оның аясында қамқоршысы жоқ және мүгедектігі бар балаларға қолдау көрсетуді мақсат еттік. Бастамаға қатысуға ниет білдірген қызметкерлер көп болды. Жиналған заттардың барлығы балалардың жас ерекшеліктеріне қарай табысталды, – деді Анар Жалғасбаева.

Кейбір елді мекендерде балаларға арналған ойындар мен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Ата-аналар балаларға мерекелік көңіл күй сыйлағаны үшін ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.

Балаларды қорғау күніне арналған игі шаралар бүлдіршіндерге қуаныш сыйлап қана қоймай, қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілік пен қайырымдылық құндылықтарын дәріптеуге өз үлесін қосты.