Вы сейчас просматриваете Бейнеу ауданында спорт кешені салынбақ

Бейнеу ауданында спорт кешені салынбақ

Өткен аптада «Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағасының орынбасары Ғафу Несіпбаев пен Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының әкімі Рахымжан Шалбаев жергілікті тұрғындар арасында салауаттылықты арттыру бойынша ынтымақтастық Меморандумына қол қойды.
Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында спорт кешені салынбақ. Құжатта Бейнеу ауылында жабық спорт кешенін салу қарастырылып, оған Сала кәсіподағы қаржылай демеушілік жасайтыны айтылады. Бұл нысан теміржолшылар мен олардың отбасыларына ғана емес, барлық кент тұрғындарына бірдей қолжетімді болмақ. Қол қойылған құжатқа сәйкес әкімдік жер учаскесін бөлуді қамтамасыз етіп, нысанды балансқа қабылдап, сондай-ақ оны күтіп-ұстауға және пайдалануға жауапты болады.
Ал кәсіподақ өз кезегінде спорт алаңының құрылысын қаржыландырып, құрылыс жұмыстары біткесоң оны әкімдікке тапсырады.
– Біз үшін теміржол кәсіпорындары қызметкерлерінің еңбек құқықтарын ғана емес, олардың әлеуметтік әл-ауқатын да қолдау маңызды. Спортқа инвестиция – бұл теміржолшылар мен олардың отбасы мүшелерінің денсаулығы мен болашағына салынған инвестиция. Соңғы жылдары кәсіподақ Атырау, Көкшетау, Екібастұз, Мақат, Павлодар, Орал және Ақтөбеде түрлі спорт алаңдарының құрылысын қаржыландырды.
Еңбек ұжымдарында салауатты өмір салтын және әлеуметтік әл-ауқатты қалыптастырудағы спорт пен дене шынықтырудың маңыздылығын ескере отырып, біз осындай жобаларды қолдауды жалғастырамыз, – деді Кәсіподақ төрағасының орынбасары Ғафу Несіпбаев

Ислам ТАЛҒАТ