Семей жүк тасымалы бөлімшесінде футбол біріншілігіне кезекті іріктеу ойындары болып өтті. Кәсіподақ қызметінің 120 жылдығы мен алдағы келе жатқан Тәуелсіздік мерекесіне орай ұйымдастырылған сайысқа желі бойындағы әр мекемеден әуесқой футболшылар қатысып, өзара шеберлік сынасты.
Салалық кәсіподақ ұйымы ұйытқы болған бұл жолғы бәсеке қызуқанды жанкүйерлердің тамашалауымен мейлінше тартысты әрі қызықты өтті. Айта кетерлігі, осыған дейінгі футбол додаларында да сан мәрте қарымта байқасып жүрген, бір-бірінің әдіс-айласына әбден қанық теміржолшылар жоғары деңгейдегі даярлықпен келгендіктерін дәлелдеді.
Байқауға 9 команда қатысқан болатын. Барлығы да жасыл алаң төрінде өрнекті ойын көрсете білді. Десекте, финалға тек кіл мықтылар ғана жолдама алды.
Осылайша, ақтық сайыста топ жарған ӘТЖК Семей филиалының футболшылары бірінші орынды жеңіп алды. Ал, Семей вагон пайдалану депосының ойыншылары екінші орынды еншілесе, жүлделі үшінші орынды Семей жол дистанциясының командасы иеленді. Бұл үш команда да соңғы уақыттары үздік атанып жүрген әр біріншіліктің чемпиондары.
Сайыс соңында барша жеңімпаз командалар салалық кәсіподақ ұйымы тарапынан әзірленген бағалы сыйлықтармен салтанатты түрде марапатталып, үздік ойыншыларға арнайы дипломдар мен мақтау грамоталары табыс етілді.
Есен Асқарұлы ҚАЖЫҒҰЛОВ,
«Қазкөліккәсіп» ҚБ Семей өңірі бойынша өкілі.


