Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесі кәсіподақ ұйымы балалардың демалысын биыл ерекше өткізді. Бір топ теміржолшының балалары каникулда елордамыз Астананы тамашалап қайтты.
Теміржолшылардың балалары керемет экскурсиядан алған әсерлерімен бөлісіп мәз-мейрам.
Балаларға жазғы демалыс сыйлау кәсіподақ комитеті үшін дәстүрлі шаралардың біріне айналған.
Қаржылай қолдау көрсетіп, бір топ баланы жылда Астанаға, Бурабайға апарып қайтады. Бұл дәстүр биыл да жалғасты. Электрмен жабдықтау дистанциясы, Белгі беру және байланыс дистанциясы, Жолаушылар тасымалы қызметіне қарасты көпбалалы отбасылардан шыққан 20 бала Астанаға экскурсияға жіберілді. Балалар бас қаланың көрікті жерлерін армансыз аралап, мұражайға, океанариумға, бассейнге, зоосаябаққа, ойын-сауық орындарына барған. Балаларға Бәйтерек монументі ерекше ұнаған.
Айтуларынша, Бәйтерек мифологиялық өмір ағашының тарихымен танысып, монумент терезесінен әсем ғимараттарды көрген. Тіпті пицца пісіріп те үйренген.
«Ең бірінші көпбалалы отбасы балаларын қамтуға көңіл бөлінді.
Жылда осылай бүлдіршіндерді қуантуға тырысамыз», – деді Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесі кәсіподақ ұйымының төрайымы Айша Қалағанова.
Ардақ ЕРУБАЕВА
