Вы сейчас просматриваете Кәсіподақ жетекшілері марапатталды

Кәсіподақ жетекшілері марапатталды

Жуырда Абай облысының Кәсіподақтар орталығы мен облыстық салалық кәсіподақтар ұйымдары бірлесіп Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығына және ҚР Кәсіподақтар федерациясының 35 жылдық мерейтойына арналған сал- танатты іс-шара өткізді.
Келелі жиынның басты мақсаты – еңбеккерлердің құқықтарын қорғаудағы және әлеуметтік әділеттілікті дамытудағы кәсіподақтардың тарихи рөлінің маңыздылығын айқындау, сондай-ақ осы жолда ерен еңбек етіп жүрген кәсіподақ белсенділерін марапаттау болатын.
Аталмыш шараға «Қазкөліккәсіп» ҚБ Семей өңірі бойынша өкілі Есен Қажығұлов бастаған кәсіподақ жетекшілері түгел қатысты. Салтанатты жиында Абай облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Қуаныш Сүлейменов сөз сөйлеп, кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығы – бұл жай ғана атаулы күн емес, еңбек адамының құқығын қорғау жолындағы күрес, жетістіктер тарихы екенін атап өтті.
Сонымен қатар ол сахна төрінде ҚРКФ атынан кәсіподақ қозғалысының бірқатар белсенді өкілдеріне медаль тағып, грамоталар мен алғыс хаттар табыс етті.
Облыс көлеміндегі барлық еңбек ұжымдары арасында Семей ЖТ бөлімшесінің Семей вагон пайдалану депосының кәсіподақ ұйымы төрағасы Ертай Темірбеков үздік атанып, «Кәсіподақтағы белсенді жұмысы үшін» медалімен марапатталды. Бұл әділ баға екені анық. Себебі Семей теміржолының кәсіподақ белсенділері тек жұмысшы мамандардың мүддесін қорғап қана қоймай, еріктілер қозғалысы, қайырымдылық, экологиялық акция, бұқаралық спортты дамыту, Абайдың 180 жылдық мерейтойын өткізу сынды көптеген қоғамдық іс-шараларға ұйытқы болып, алдыңғы шептен табылып жүр. Мәселен, осыдан бірер жыл бұрын салалық кәсіподақ ұйымының игі бастамасымен желі бойында ата дәстүр асар үлгісімен теміржолшылар үшін қыстың аязды-боранды күндері
паналайтын шағын үй салуды алғаш осы ВЧД-23 кәсіподақ ұйымы депо басшылығымен бірге қолға алған-ды. Бұл дәстүр кейіннен байтақ желі бойында жалғасын тауып, оң нәтижесін берді.
– Бүгінде еліміздің кәсіподақтары – Әділетті Қазақстан құрудағы қоғамның сенімді тірегі және әлеуметтік тұрақтылықты дамытудағы маңызды институт қызметін адал атқаруда. Бұл ретте темір жолдағы кәсіподақ белсенділері еңбегінің жоғары бағаланғаны қуантады, – деп пікір білдірді салтанатты шараға қатысқан Семей ЖТ бөлімшесі кәсіподағының төрайымы Айгүл Берікболова.
Алқалы жиынның соңында кәсіподақ қызметкерлерінің құрметіне арналған мерекелік концерт өтті.
Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей
Суретті түсірген автор