Сервис пен қызметтерді жақсартуға көмек

DB интермодальды тасымалдарды іске асыруға, ХАБ жүйелерін дамытуға, маркетинг, қызмет көрсету және сатудағы ең жақсы әлемдік тәжірибелерді енгізуге, қызмет көрсету сапасын және ел тұрғындары үшін ыңғайлылықты арттыру мақсатында қозғалыстағы құрамды жаңарту мәселесінде кеңес береді. Бұл туралы DB Engineering & Consulting компаниясының операциялық бас директоры Франтишек Буреш ҚТЖ кеңсесінде өткен брифингте айтты.
DB Engineering & Consulting GmbH және ҚТЖ арасында жолаушылар тасымалы және транспорт-логистика саласында серіктестікті дамыту туралы келісімге 2023 жылдың 20 маусымында Берлин қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға сапары кезінде қол қойылды.
Серіктестік шеңберінде DB мамандары Ұлттық тасымалдаушының бизнес-процестерін жетілдіру және стратегиялық мақсаттарға жету бойынша кеңес беру қызметтерін және компанияның мамандарына сараптамалық қолдау көрсетеді.
«Біздің компания клиенттерге көрсетілетін сервистік қызмет сапасын жақсартып, ыңғайлы ете түседі. Оның ішінде сауда жүйесін тиімді етеді. Қазір онлайн сатылым жоғары қарқынмен дамып жатыр, сондықтан біз оған да ден қоюдамыз. Бір сөзбен айтқанда неміс теміржолында іске асырылып жатқан қызмет көрсетудің жоғары сапасын осында енгізетін боламыз», – деді Франтишек Буреш.
DB Engineering & Consulting GmbH — әлемдегі жетекші бес логистикалық компания қатарына кіретін, үлкен теміржол концерні және Deutsche Bahn AG-ның еншілес кәсіпорны. Компания жыл сайын Германияда және бүкіл Еуропа бойынша 190 млн тоннадан астам жүк пен шамамен 2,4 млрд жолаушыны тасымалдайды. 1966 жылдан бастап DB компаниясы 100-ден астам елде өз жобаларын сәтті жүзеге асырады. Әлем бойынша компания құрамында шамамен 340 мың қызметкер жұмыс істейді.