Тараз қаласында «Қазақстан және Қырғыз Республикасы теміржолшылары кәсіподақтарының шекарамаңы ынтымақтастығы» тақырыбында екі күндік семинар өтті.
Іс-шара «Қазтеміржолкәсіп» ҚБ Жамбыл филиалының ұйымдастыруымен өтіп, оған Жамбыл жол бөлімшесіндегі бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен Қырғыз Республикасынан келген делегация қатысты. Семинарға «Қазтеміржолкәсіп» ҚБ Орталық кеңесі төрағасының кеңесшісі Жұпарбек Сәбитов қатысты.
Семинардың ашылуында «Қазтеміржолкәсіп» ҚБ Жамбыл филиалының төрағасы Ерболат Жидебаев кәсіподақтар арасындағы әріптестік байланысты нығайту мен тәжірибе алмасудың маңыздылығына тоқталды.
Семинар барысында еңбек қауіпсіздігі, жұмысшылардың құқықтары мен әлеуметтік қорғалуы, ұжымдық шарттардың орындалуы, кәсіподақ ұйымдарының қызметін жетілдіру және халықаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
«Қазтеміржолкәсіп» ҚБ Жамбыл филиалының төрағасы Ерболат Жидебаев пен «Қырғызпрофсож» төрағасының орынбасары Нургазы Нусубалиев екі ел кәсіподақтарының шекарамаңы ынтымақтастығы мен әріптестік байланыстары туралы пікір білдірді.
Семинар аясында кәсіподақ ұйымдарының құрылымы, қаржылық қызметі, еңбек дауларының алдын алу және жұмыс берушілермен өзара іс-қимыл тетіктері бойынша тәжірибе алмасу өтті.
«Қазтеміржолкәсіп» ҚБ Жамбыл филиалы төрағасының орынбасары Еркін Утешов ұжымдық шарт аясында қол жеткізілген әлеуметтік кепілдіктер туралы баяндады.
Сонымен қатар Жамбыл филиалының бас бухгалтері Гүлсайра Коркмазова кәсіподақ ұйымдарының қаржылық қызметі мен электрондық жүйе арқылы жүргізілетін есептілік жұмыстарын таныстырды.
Семинардың екінші күні ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар кәсіподақтарға ортақ мәселелерді талқылап, ынтымақтастықты арттыру жөнінде ұсыныстарымен бөлісті.
Екі күндік семинар Тараз қаласының тарихи-мәдени ескерткіштеріне ұйымдастырылған экскурсиямен қорытындыланды.
