Вы сейчас просматриваете Тарихтың бастауы болған

Тарихтың бастауы болған

«Бірлікте – күш, тарихта – мақтаныш!» деген ұстанымды ұран еткен сала кәсіподағының 120 жылдығына орай Қызылордада салтанатты жиын өтті.
Жалпы, кәсіподақ қозғалысы Сыр елінен бастау алғаны – бүгінде дәлелденген шындық. Бұл тек теміржолдың ғана емес, Қазақстандағы ең алғашқы жұмысшы құқын қорғайтын кәсіподақ ұйымы болып саналады. Қызылорда теміржолында өткен салтанатта бұл мақтанышпен айтылды.
«Қазкөліккәсіп» ҚБ Қызылорда филиалының төрағасы Бауыржан Ахметов салтанатты жиынды ашып, теміржол саласының ардагерлерін, әріптестерін шын жүректен құттықтады.
Қызылорда бөлімшесінің басшылары Батырхан Базарбаев пен Ербол Сәулебеков те әріптестерінің қуанышына ортақтасып, сала кәсіподағының теміржолшылар өміріндегі рөлі мен маңызын жоғары бағалады.
Жиынға аймақтың барлық бөлімшелерінен, салалық мекемелерінен келген кәсіподақ жетекшілері түгел қатысып, ұйымның 120 жылдық мерейтойына арналған арнайы төсбелгімен марапатталды.
Марапатқа ие болғандар қатарында ұзақ жылдар бойы кәсіподақ қозғалысының өркендеуіне үлес қосқан ардагерлер Әбдімұрат Маутанов пен Сәрсенбек Тасмағанбетов болды.
Филиал төрағасы өз баяндамасында Қызылорда теміржолының терең тарихына тоқталды. ХХ ғасырдың басында басталған Ташкент-Орынбор темір жолының құрылысы, 1905 жылы Перовск, сосын Қазалы станциясында бастауыш ұйымдарының құрылуы.
Ал 1925 жылы дәл осы Қызылорда қаласында өткен Қазақстан кәсіподақтарының бірінші съезі бүкіл еліміздің кәсіподақ қозғалысының алтын парағы ретінде тарихта қалғандығы тілге тиек болды.
– Теміржолшылар кәсіподағы әр дәуірде заман талабына сай бейімделіп, жұмысшы мүддесін қорғауда аянып қалған емес. Бұл қоғамдық ұйым – еңбек адамының үні, қорғаушысы, тірегі деген атқа лайық болуды өз міндеті деп біледі,
– деді филиал төрағасы.
Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ,
Қызылорда
Суретті түсірген автор