You are currently viewing Даңқты теміржолшы есімі ұлықталды

Даңқты теміржолшы есімі ұлықталды

  • Post category:Новости

Бала күнінен еңбекке араласып теміржолшы әулетінің негізін қалаған, бірнеше мемлекеттік марапат иегері атанып, ерен еңбектің үлгісін көрсеткен құрметті теміржолшы Серғазы Опалқожаевқа Қызылорда қаласынан көше аты берілді.

1882 жылы туған Серғазы Опалқожаев он төрт жасында Қызылорда теміржол станциясының тауар бөліміне жүкші болып орналасып, еңбек жолын тым ерте бастайды. Ел басына күн туған елең-алаң жылдары Азамат соғысына қатысып, кейін Ұлы Отан соғысына аттанып, аман-есен оралған соң теміржол саласындағы еңбек жолын жалғастырып, үлкен жетістіктерге жете білген. 1935 жылы Кремльде өткен көлік қызметкерлерінің салтанатты жиынында Сыр елі теміржолшыларының атынан өкіл болып қатысқан, ал 1938 жылы Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің бірінші шақырылымының депутаты болған тұңғыш теміржолшы ретінде де есімі тарихқа алтын әріппен жазылған.

Депутаттық мандатын пайдалана білген теміржолшы сол кезеңдегі облыс тұрғындарының әлеуметтік мәселесі оңтайлы шешілуіне үлес қосып, қаланың ірге тасының нығаюына аянбай тер төккен. 1936 және 1951 жылдары екі рет Ленин орденімен, «Қызыл жұлдыз», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен қатар «Кавказды қорғағаны үшін» және «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған.

Серғазы Опалқожаев – 1968 жылы Қызылорда қаласының құрметті азаматы атағын алған тұңғыш теміржолшы. Даңқты жерлестерінің атына көше аты берілу салтанатына қатысқан қызылордалықтар Серғазы Опалқожаевтың ерен еңбегіне бас иіп, рухына құрмет көрсетті. Ардагер 1970 жылы дүниеден озған.

– Серғазы ағамыздың облысқа, оның теміржолына сіңірген еңбегі шексіз. Оның өзі ғана емес, ұл-қыздары де түгелдей теміржолға қызмет етті. Ендігі жерде Серғазы Опалқожаев көшесі қаламыздың ең көрікті де саялы көшелерінің бірі болады, ер есімі осылай елімен мәңгі жасай береді, – деді көшенің ашылуы салтанатында сөз алған Қызылорда теміржолы ардагерлер кеңесінің төрағасы Сисенбі Шермаханов.

Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда