You are currently viewing Достық  жеңді

Достық жеңді

  • Post category:Новости

Шалқар станциясында теміржолшылар арасында шағын футболдан жарыс өтті. Шара Қазақстан теміржолының 25 жылдығы мен «Қазкөліккәсіп» қоғамдық бірлестігінің 30 жылдығына арналды.

Теміржолшылар қалашығы атанған Шалқар станциясындағы спорттық додаға бекеттегі барлық теміржол мекемелері қатысты. Шара әріптестердің көңіл күйін көтеріп, ұжымдық рухты нығайтуға бағытталған игілікті іс болды. Теңбіл доп қуу бәйгесінде кәсіби спортшылардай өнер көрсеткен теміржолшылардың бес командасы жарыс жолына сайланып шығып, жасыл алаңда жолшылар мен әскерилендірген күзет қызметі командалары сауатты да әдемі ойын өрнегімен жанкүйерлерін риза қылды. Белгі беру-байланыс дистанциясының жігіттері де олардан қалысқан жоқ.

– Таза ауа, ашық алаңда өткен жарыс шалқарлықтардың көңілін көтеріп, ойынға қатысқандар да, оны тамашалауға келген жанкүйерлер де көп болды. Ойын талаптары сақталып, шара жоғары деңгейде өтті. Ереже бұзу әрекеттері болған жоқ, – деді спорт нұсқаушысы Нұргүл Батырхан.

Бір-біріне есе жібермей тайталасқан командалар арасынан әрине жүлделі орынға шыққан жеңімпаздар болды, кәсіподақ тарапынан оларға лайықты сый-сияпат жасалды. Ерекше көзге түскен ойыншылар бөлек марапатталып, барлық қатысушыларға алғыс айтылды. Өз кезегінде демалыс күні сергектік пен серпін сыйлаған осындай спорттық шара ұйымдас- тырған кәсіподақ басшылығына алғыс білдірген ойыншылар «достық жеңді» деп риза болып тарасты.

Ардақ Ерубаева, Ақтөбе

Суретті түсірген автор