ЕҢ ЖАУАПТЫ МАМАН

  • Post category:Новости

«Кімдер келіп-кетпеген құтты- хана» демекші, күні-түні адам аяғы үзілмейтін вокзалдар қызметі аса мазасыз да қауырт. Сол жерде вокзалдың қауіпсіздігіне, ішкі-сыртқы тазалығына және келген-кеткендердің өтініші мен шағым-ұсынысына құлақ түретін бір мамандық бар. Ол – вокзал бастығының кезекші көмекшісі.

Солардың бірі – Астана вокзалы бастығының кезекші көмекшісі Әйгерім Әбдиеваның айтуынша, көпшілікпен жұмыс істеген соң елдің бәрінің бірдей тілін табу оңай емес. Бірі билетін қайтарамын десе, екіншісі келген пойызда затын ұмытып кеткен болады.
Енді бірі жүк сөмкелерін және т.б. заттарын жоғалтып келеді.
Мұндайда Әйгерім желілік тәртіп сақшыларымен бірлесе отырып, жолаушылардың мәселесін шешуге тырысады. Пойыз бастығына шығып, жолаушы отырған вагонды тексертеді, зат табылса, акт толтырылады. Жақында Виктория есімді жолаушы тарапынан Әйгерімге алғыс жазба келіпті.
Ол 6 жасар ұлы жоғалтып алған рюкзакты Әйгерімнің көмегімен вокзал қызметкерлері мен полиция тауып бергенін айтып, рахметінжеткізген.
– Пойыздардың кешігуіне байланысты жолаушылар бізге келеді. Олардың отырғызу талонына пойыздың неше сағат кешіккенін белгі етіп жазып береміз, жолаушы оны алып кассаға барады. Пойыз 1 сағаттан артық кешіксе, билет құнының 3 пайызын біз белгілеп берген талон арқылы қайтарып алады. Жолаушылардан бөлек вокзалға, әсіресе түнгі ауысымда түрлі адамдар келуі мүмкін. Ішіп алып қоғамдық тәртіпті бұзатындар да кездеседі. Ондай кезде дереу полиция шақырамыз. Кейде отбасындағы кикілжіңге байланысты бала-шағасымен вокзалды паналайтын әйелдер де келеді. Мүгедектерге қызмет көрсету де біздің басты міндетіміздің бірі. Жұмыс барысында неше түрлі сұрақтармен келетін түрлі тағдыр иелерінің оқиғаларына да куә боламыз. Оларға да қолымыздан келгенше көмек береміз, – дейді Әйгерім.
Әйгерімнің еңбек өтілі – 9 жыл. Ал вокзалда 2017 жылдан бері жұмыс істейді. Жалпы Астана вокзалында кезекшілердің 4 ауысымы болса, соның біреуіне Әйгерім жетекші. Әр ауысымда 17-18 кезекшіден болады. Олар вокзалдың барлық жеріне бөлініп, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

Ұлан ОРАЗ
Суретті түсірген Александр ЖАБЧУК