You are currently viewing Еңбек ер атандырады

Еңбек ер атандырады

  • Post category:Новости

Ғасырдан астам тарихы бар Шалқар локомотив жөндеу депосы бүгінгі күнде замана көшінен қалмай, технологиялық процестерді жетілдіруге өз үлесін қосып келе жатқан іргелі мекеме.

Бүгінгі таңда 400-ге жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған депо ұжымы дамудан кенжелеп қалмай, өндіріске озық технологияларды енгізіп, соған орай жоғары марапаттарға ие болып келеді. Атап айтар болсақ «Қамқор менеджмент» ЖШС және «Дженерал электрик» компаниясымен бірге барлық деполар арасында қауіпсіздік шараларын сақтау, тепловозды ақаусыз жөндеу, цехтардың тазалығы т.б. саладағы жетістіктері салыстырмалы сараланып, нәтижесінде ұжымға «Алтын каска» сыйлығы табыс етілді. Ұжым еңбегінің жоғары бағалануы оларға жаңа серпіліс, тың талпыныс сыйлады. «Қамқор менеджмент» экологиялық қайта жаңғыруы бағдарламасы аясында қалада «Kamkor Park» акциясына қатысып, теміржолшылар паркі ішіне 300 түп шырша, қарағай отырғызып, теміржолшылардың демалып серуендеуіне ықпал етті.

Ұжым аудандағы іргелі мекеменің бірі болғандықтан қалада өткізілген қайырымдылық шараларында да белсенділік танытып, мұқтаж жандарға материалдық көмектер ұйымдастырып, халықтың ықыласына бөленіп басқа теміржол мекемелеріне үлгі болып келеді. Осындай жетістіктерге жетіп отырған мекемені басқарып отырған, 44 жылдан бері еңбек жолын тек осы мекемеде өткізіп келе жатқан, тепловоз жөндеуші болып бастап, депо директоры қызметіне дейін көтерілген Нұржан Жұбатов шілденің 26-да асқаралы 60 жасқа толғалы отыр. Өзінің көп жылғы тәжірибесін ұжымда тәртіпті сақтау, жастарды кәсіби тәрбиелеуге арнау, ардагерлерді құрметтеу сынды ұлағатты іске жұмылдырып, нәтижесінде жоғарыда аталған жетістіктерге қол жеткізуде депо басшысының ерен еңбегі жатқандығы анық.

«Еңбек ер атандырады» дейді халқымыз, қашан да жақсы істің жаршысы болып, өндірісті өрге сүйретуде талмай ізденісті серік еткен Нұржан Үбайдуллаұлына депо өміріне әлі де тың жаңалықтар, үлкен жетістіктер әкелетініне сенім білдіріп, мерейтой иесін туған күнімен құттықтап, мықты денсаулық, отбасы бақытын тілейміз.

Темірхан ҚАДЫРОВ, Шалқар станциясы