You are currently viewing Ерте зейнетке шығу бағдарламасына үміткер кім?

Ерте зейнетке шығу бағдарламасына үміткер кім?

  • Post category:Новости

«ҚТЖ» ҰК»АҚ өз қызметкерлерінің әл-ауқатын жақсартуға және жұмысшыларға қолайлы жағдай жасауға әрдайым көңіл бөліп келеді. Әлеуметтік саясатты қолдау аясында түрлі бағдарламалар қабылданған. Соның бірі – Ерте зейнетке шығу бағдарламасы. Бұл бағдарламаның мақсат-міндеті туралы бүгін Адами ресурстарды басқару департаментінің бас менеджері Саян Сыздықов әңгімелеп береді.

Саян, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ еліміз бойынша 120 мыңнан астам адамды еңбекпен қамтып отырған ірі жұмыс беруші компания. Қызметкерлерді жұмыспен қамту өз алдына, олардың алдында әлеуметтік қолдау көрсету жауапкершілігі тағы бар. Осы ретте, компанияның әлеуметтік саясаты және соның шеңберінде жүзеге асып жатқан Ерте зейнетке шығу бағдарламасы туралы айтып берсеңіз…

-«ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның басты байлығы – ол қызметкерлері. Олардың әл-ауқаты жақсы болғанда ғана, компания жұмысы алға өрлейтіні анық. Сондықтан компания теміржолшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсы болуына барынша қолдау көрсетіп келеді. Оның үстіне, Компанияда жұмыскерлерді әлеуметтік қолдау мен еңбек заңнамасы нормаларының сақталуын қамтамасыз етуге арналған Ұжымдық келісімшарт бар. Бұл құжат әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарын қамтып, компания қызметкерлеріне берілетін жеңілдіктер мен кепілдіктерді жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Әлеуметтік қолдау көрсету бағытында іске асып жатқан бағдарлама, жеңілдіктердің бәрі осы құжатта тайға таңба басқандай жазылған. Сондай жеңілдіктің біріне, Компания Басқармасының шешімімен 2019 жылдың 3 қазанында қабылданып, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырыла бастаған Ерте зейнетке шығу бағдарламасын атар едік.

Бұл бағдарламаның мақсаты не және ол бойынша ерте зейнетке шығу мүмкіндігіне кімдер ие бола алады?

– Ерте зейнетке шығу бағдарламасының басты мақсатына келсек, ол зейнеткерлік жасына таяп қалған қызметкерлердің лауазымдық қызметі қысқартуға ұшырап, табыссыз қалған жағдайда, материалдық қолдау көрсету. Жалпы, бұл бағдарлама күрделі еңбек жағдайы мен денсаулығына байланысты зейнет жасына таяп қалған жұмысшылар арасында ерекше сұранысқа ие. Алайда, бағдарламаны іске асыруға көзделген бюджеттің азаюына байланысты ерте зейнетке шығару Қағидаларына бірқатар өзгерістер енгізілгенін айтар едім. Оған сәйкес бағдарламаға қатысудың негізгі талабы штат бірлігін қысқарту ғана емес, сонымен қатар зейнетақы алдындағы қызметкерді одан әрі жұмысқа орналастырудың мүмкін еместігі есепке алынатын болды.

Сонда қалай? Бағдарламаға қатысушыларға қойылатын арнайы шарттар бар ма? Нақты мысалдармен түсндіріп берсеңіз…

  • Яғни, Ұлттық компания зейнеткерлік жасқа таяп қалған және қызметі қысқарып қалған қызметкерлеріне ҚТЖ тобында жұмыспен қамту арқылы табыс табу жолын ұсынады. Мәселен, қызметтерді аутсорсингке беру шеңберінде ҚТЖ тобына қызмет көрсететін басқа ұйымдарға жұмысқа орналастыруға немесе ҚТЖ тобымен азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт жасасуды ұсынса, онда бұл бағдарламаға ол қызметкерлер қатыса алмайды. Осы ретте, біз зейнеткерлік жасы алдындағы барлық қызметкерлерді үш негізгі объективті себеп бойынша бос лауазымдарға жұмысқа орналастыруға болмайтынын атар едік. Біріншісі, денсаулық жағдайына байланысты қызметкер басқа лауазымға орналаса алмайды (бұл тиісті медициналық мекеменің қорытындысымен расталады). Екіншісі, жұмыскер босатылған өңірде лайықты бос лауазымдардың болмауы және жұмыскердің басқа өңірге көшуінің объективті мүмкіндігінің болмауы (ол филиалдың/еншілес ұйымдардың жұмыс тобының тиісті қорытындысымен расталады). Үшіншісі, ұсынылып отырған бос лауазымдарға жұмыскер біліктілігінің жеткіліксіздігі және қызметкерді қайта даярлауда мүмкіндіктің болмауы (ол филиалдың/еншілес ұйымдардың жұмыс тобының тиісті қорытындысымен расталады). Бұл ретте, түпкілікті шешімді филиалдың/еншілес ұйымдардың жұмыс тобы ұсынған қорытындысын ескере отырып, Орталық комиссия қабылдайтынына назар аударғым келеді. Ал егер зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін 5 және одан да аз жыл қалған, ал ерекше жағдайларда 6 және одан да аз жыл қалған, лауазымдық қызметі қысқартылған қызметкерлер жоғарыда аталған барлық талаптарға сәйкес келетін болса, ол осы қағидалар бойынша босатылуы және ҚТЖ-дан өтемақы алуға үміткер бола алады.

Бағдарламада сондай-ақ, қызметкер жоғарыда көрсетілген шарттарға сәйкес келген жағдайда қызметкердің лауазымын қысқарту есебінен ғана емес, сондай-ақ қызметкерлерді ротациялау (ауыстыру немесе басқа лауазымға ауыстыру) арқылы басқа лауазымды оңтайландыру есебінен ерте зейнетке шығу мүмкіндігі қарастырылған. Нақты мысалға жүгінсек, қазір«ҚТЖ» ҰК» АҚ жаңа тәсілдер мен технологияларды белсенді енгізуде. Мысалы, мобильді диагностикалық кешен (МДК) компанияда жұмыс істеп жатқан 1200-ден астам адамның, яғни дефектоскопиялық арбалар операторларының жұмысын ауыстырды. Осындай алты МДК кешеніне ие бола отырып, біз ел магистралінің барлық ұзындығын бір айда екі рет диагностикалай аламыз. Осылайша, 2020 жылдың соңына дейін біздің алдымызда дефектоскопты арбалардың130-дан астам операторының жұмысын оңтайландыру міндеті тұрды. Оның ішінде 89 адамды басқа бос жұмыс орындарына орналастырдық. Бұл компанияда одан әрі жұмыс істегісі келетін, қайта оқуға және басқа лауазымдарды атқаруға дайын қызметкерлер. Қызметкерлердің көпшілігін ротация арқылы жол монтері лауазымына жұмысқа орналастырдық. Жол жөндеушінің жұмысы – бұл зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдар үшін қиын физикалық жұмыс. Сондықтан зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін 5 және одан да аз жыл қалған, ал ерекше жағдайларда 6 және одан да аз жыл қалған және өз қалауы бойынша компаниядан кетуге дайын жекелеген жол монтерлеріне дефектоскопистердің лауазымдарын қысқарту және оларды жол монтері лауазымына ауыстыру есебінен зейнеткерлікке ерте шығу бағдарламасы ұсынылды.

Дефектоскопты арбалардың операторларынан басқа, осындай жұмыс пошта корреспонденциясының жұмысшыларымен, автокөлік жүргізушілерімен және тағы басқалармен жүргізілді.

Ерте зейнетке шығу бағдарламасына іліккен қызеткерлерге төленетін өтемақы мөлшері қандай және ол ҚТЖ зейнеткері болып саналады ма?

  • Өтемақы – еңбек шартын бұзу кезінде саладағы жұмыс өтіліне байланысты бірден төрт лауазымдық айлық ақыға дейінгі мөлшерде біржолғы төлемді қамтиды. Сондай-ақ жәрдемақы мөлшері жұмыс өтіліне, ағымдағы жалақысына және зейнеткерлік жасқа толғанға дейінгі қалған кезеңіне байланысты формула бойынша есептеледі. Жәрдемақы мөлшері 70 мың теңгеден кем болмауы және 200 мыңнан аспауға тиіс. Бізде бағдарламада көрсетілген міндетті бір шарт, ол лауазым қысқарады және қызметкермен еңбек шарты бұзылады. Қазіргі уақытта осы бағдарлама аясында компания тобы бойынша 894 қызметкер жұмыстан босатылды. Сондай-ақ, егер зейнеткерлік жас алдындағы қызметкер Ерте зейнетке шығу бағдарламасының қатысушысы болса, онда ҚТЖ зейнеткері ретінде есепке алынады және компанияның зейнеткерлеріне ұсынатын жеңілдіктерді толық пайдалана алады.

Сұлугүл БАКЕСОВА