You are currently viewing ХАЛЫҚ ҚЫЗМЕТІНДЕГІ ҰЙЫМ!

ХАЛЫҚ ҚЫЗМЕТІНДЕГІ ҰЙЫМ!

  • Post category:Новости

Қоғам дамуы мен мемлекеттің тұрақтылығын сақтауда кәсіподақтар қызметінің ролі зор болуы қажет. Еңбек ұжымындағы ауызбіршілікті нығайтып, жұмысқа ынталандырудың түрлі тәсілін ұйымдастырып отырған Батыс аймақтық жолаушылар тасымалы қызметінің кәсіподақ жетекшісі осындай пікірде.

Иә, Құттыбай Кеулімжайұлы «Кәсіподақ – халық игілігі жолында қызмет етуі тиіс» деп санайды. Мекеменің кәсіподақ төрағалығына қатарынан үшінші рет сайланып отырған кешегі теміржолшы көпшілікпен жұмыс істеудің қиындығымен қатар қызығы да бар екенін айтады. Олардың тұрмыс-тіршілігін жеңілдетіп, тиесілі қолдау-көмектерін алып, бір сөзбен айтқанда, кәсіподақ қамқорлығын сезінуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайын. Ондайда талай адамнан алғыс алып, балалардың қуанғанын көрудің өзі кәсіподақ жетекшісін рахатқа бөлейді.
Аймақтық кәсіподақ Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Қызылорда, Орал бойынша бес телімді қамтиды. Батыс аймақтық жолаушылар тасымалы бойынша 1867 адам кәсіподаққа мүше. Бүгінгі нарық заманында пәрменділігін жоғалтып алмай, нәтижелі жұмыс көрсетіп отырған теміржол кәсіподағы – азаматтардың құқықтарын қорғау, қолдау көрсету бағытында өз жұмысын бір сәт те тоқтатпай, керісінше, жылдан-жылға беделін арттырып келе жатқан бірден бір салалық ұйым.
Кәсіподақ төрағасы Құттыбай Кеулімжайұлы өткен жылы жасалған жұмыстарға тоқталып өтті. Сала кәсіподағының 30 жылдық мерейтойы мен Балалар жылында көптеген мәдени іс-шаралар өткен. Балалардың сурет байқауы бүкіл аймақты қамтып, одан бөлек балақайлардың планетарий мұражайына саяхат жасауына мүмкіндік жасалған.
– Кәсіподақ тарапынан көрсетілетін көмектің көп тараған түрі – отбасы жағдайына байланысты қиындықта берілетін жәрдем. Өткен жылы 142 адамға осындай ауыр жағдайына байланысты көмек көрсетілді. Балалы болған 45 қызметкер де тиісті материалдық көмек алды. Сонымен қатар жиырмадан астам 55 жасқа толған әйел адам және 60 жасқа толған ер адам ұжымдық келісімшартқа сәйкес бір реттік көмек алса, жақынының қазасына байланысты 22 адамға материалдық жәрдем жасалды. Сонымен қатар өткен жылы 191 теміржолшы шипажайға жолдама алса, 108 бала лагерьде демалды. 18 адамды зейнетке шығарып салу рәсімі ұйымдастырылды. Жолсеріктерімізге бос уақыттарында спорт залдары мен бассейнге баруына жағдай туғызуды да ұмытпаймыз, – дейді кәсіподақ жетекшісі.

Ардақ ЕРУБАЕВА,
Ақтөбе