You are currently viewing ІНДЕТКЕ ҚАРСЫ ТҰРА БІЛДІК

ІНДЕТКЕ ҚАРСЫ ТҰРА БІЛДІК

  • Post category:Новости

«Қазкөліккәсіп» ҚБ Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Жұман Сәменов әулиеаталық теміржолшылар еңбекте ғана емес, қоғамдық жұмыстарда да белсенді және олардың бастамалары мен ізгі жобаларына кәсіподақ тарапынан тек қолдау көрсетілетінін атап өтті.

«Жамбыл теміржолында 9 бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. Олардың жұмыстарын үйлестіріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдап, теміржолшылардың бастамаларына әркез қолдау білдіріп отырамыз. Мәселен, күні кешегі қарттар күнінде теміржолшы ардагерлерге дастархан жайып, олардың басын қосып, бір сәт қауқылдасып әңгіме-дүкен құруына мүмкіндік туғыздық. Реті келгенде, ойларын тыңдап, ұсыныстарына құлақ асамыз. Тұрмыстық-әлеуметтік ахуалынан хабардар болып отырамыз», – деді Жұман Тұрғынбайұлы.

Кәсіподақ филиалы Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесіне қарасты мекемелерге пандемия кезінде көп көмек көрсеткен. Қауіпті індет құтырып тұрған былтырғы жылы ұйым тарапынан станциялар мен деполарға санитарлық заттар мен медициналық бұйымдар сатып алуға 1 млн 850 мың теңгеге жуық қаражат бөлінген. Тек Шу ауданындағы дистанциялардың өзіне антисептик, қорғаныш бетпердесі, қолғап, медициналық халат сынды заттарды сатып алуға 620 мың теңгеден астам қаржы жұмсалған.

«Өткен жылы бұлардан бөлек, көп балалы теміржолшы отбасыларын қолдауға, оларды азық-түлік пакеттерімен қамтамасыз етуге, мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға жәрдемдесуге, халықаралық балалар күніне орай сый-сияпат жасауға назар аудардық. Осы бағытта кәсіподақтың қазынасынан 6 млн 300 мың теңгеден астам қаржыны игердік. Есесіне, мұқтаж жандарымыздың алғысына кенелдік, теміржолшылардың әлеуметтік ахуалының тіктелуіне тамшыдай болса да үлес қостық», – дейді аймақтық кәсіподақ төрағасы.

Жұман Сәменов мұндай игі шаралардың биыл да жалғасын тауып жатқандығын жеткізді. Тек пандемиямен күрес жұмыстарына 2 млн теңгеден аса қаржы бағытталған. Бұл сомаға санитарлық заттар мен медициналық бұйымдар ғана алынып қоймай, қарт теміржолшыларды қолдау шаралары да ұйымдастырылған.

«Біз ең алдымен теміржолшыларымыздың індет жұқтыр- мауына мән бердік. Олардың сақтық шараларын ұстануы үшін барынша жағдай жасауға тырыстық. Қызметкерлердің ешқайсысы маскадан, антисептиктен, қолғаптан, өзге де қорғаныш құралдарынан таршылық көрген жоқ. Соның арқасында індетке шалдыққан мамандарымыз да санаулы-ақ болды. Олардың дені сауығып шығып жатыр. Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесіне қарасты мекемелерден бірде-бір жұмысшы коронавирустың тырнағына ілінбегені қуантады. Яғни, біз қауіпті індетке қарсы тұра білдік», – деді Жұман Тұрғынбайұлы.

Асхат РАЙҚҰЛ,

Жамбыл облысы