КӘСІПОДАҚ ЖЕТЕКШІСІ САЙЛАНДЫ!

  • Post category:Новости

Семей жүк тасымалы бөлімшесінде филиал директоры Владимир Бабиченконың төрағалығымен кезекті кәсіподақ жиыны өтті. Онда осыған дейінгі атқарылған жұмыстарға есеп беріліп, алдағы жоспарлар сөз болды.

Басқосуға салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Алик Досанов, жергілікті кәсіподақ белсенділері, кадр бөлімінің мамандары мен жастар ұйымының жетекшілері қатысты. Бөлімше басшысы Владимир Владимирович өз сөзінде
басшылық тарапынан қажетті деңгейде қолдау көрсетілетінін жеткізіп, кәсіподақ жұмысына табыс тіледі.
Жиында ұжымдық шарт аясындағы атқарылып жатқан жұмыстар сарапқа салынып, кәсіподақ қызметіне баға берілді. Басты жаңалық, осы басқосу барысында НОД-5 Семей өңірі бойынша кәсіподақ жетекшісі сайланды. Бұрынғы ұйым
төрағасы Асхат Жармұхамбетов өмірден өткелі бері бұл орын бос тұрған болатын. Ендігі аралықта бұл міндетті жергілікті теміржолшы, әйгілі династия өкілі Данагүл Өтеленова атқаратын болды.

Данагүл Айтқалиқызы алғашқы еңбек жолын 1990 жылы Жаңа-Семей станциясында инженер болып бастапты. Кейіннен билет кассирі, Семей станциясында жүк қабылдап-тапсырушы болып еңбек еткен. Ал 2006 жылдан бүгінгі күнге дейін тораптық станцияда аға жүк қабылдап-тапсырушы қызметін абыроймен атқарып келді. Теміржолшылар отбасында өскен аға буын өкілі ендігі аралықта жүк тасымалы бөлімшесінің кәсіподақ ұйымының жұмысына жетекшілік етпек. Жергілікті теміржолшылар Данагүл Айтқалиқызының кандидатурасына бірауыздан қолдау білдіріп, алдағы қызметіне табыс тіледі.


Абай ЕРТІС, Семей