You are currently viewing Кубок жеңімпазы анықталды

Кубок жеңімпазы анықталды

  • Post category:Новости

Теміржолшылар кәсіби одағының отыз жылдық мерейтойына орай жер-жерде бильярдтан іріктеу турнирі өтуде. Жуырда Маңғыстауда ұйымдастырылған жарыста өңір теміржолшылары кәсіподақ төрағасының кубогы үшін бәсекеге түсті.

Тартысты доданың шымылдығын түрген Маңғыстау қосалқы бөлімінің бастығы Нәжімеден Ғұбашов пен орталық теміржолшылар кәсіби одағының Маңғыстаудағы өкілі Әзірбай Тұрмағанбетов қатысушыларға жарыс жолында сәттілік тіледі.

Жарысқа түбек теміржолындағы түрлі мекемелер мен шалғайдағы станциялардан келген барлығы 26 адам қатысты. Қалалықтар болмаса, жергілікті теміржолшылар арасында кең тарай қоймаған бильярд – шеберлік пен дәлдікті қажет ететін кірпияз ойын. Сондықтан хас шеберлер де көп болмады. Солардың ішінде локомотив депосының өкілі өте шебер ойынымен көзге түсті. Шар тастарын бірінен соң бірін ұяшыққа тоғытып, ең жоғары ұпай жинаған Маңғыстау локомотив пайдалану депосының машинист көмекшісі Амандық Ашаков көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленіп, өнеріне қол соқтырды. Бірінші орын алған ол арнайы кубок жеңімпазы атанды. Ал екінші орынға Маңғыстау электрмен жабдықтау дистанциясының электромеханигі Амангелді Жанасов ие болса, үшінші орын Бейнеу жол дистанциясының жол жөндеушісі Қоблан Өтегеновке бұйырды. Жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталып, кубок пен дипломдар табыс етілді.

– Кубокқа ие болған жеңімпаз осы айдың соңына қарай елордада өтетін қорытынды жарысқа қатысуға жолдама алды. Ол Нұр-Сұлтан қаласында өтетін ақтық сайыста өңір теміржолшыларының намысын қорғайтын болады. Жерлесімізге алдағы сайыста сәттілік тілейміз, – дейді аймақ кәсіподағының жетекшісі Әзірбай Тұрмағанбетов.

Шахида Жұман, Маңғыстау

Суретті түсірген автор