You are currently viewing Мұз ойып, балық аулады

Мұз ойып, балық аулады

  • Post category:Новости

Семейлік теміржолшылар үшін қыс мезгілінде айналысатын әуесқой спорт түрі – мұз астынан балық аулау. Шығыстағы жұртшылық қыстыгүні Ертіс өзені мен жақын маңдағы су қоймаларында мұз ойып, қармақ салады.

Сондықтан осы спорт түрінен сайыстар да жиі ұйымдастырылады. Биыл да солай болды, карантин талаптары жеңілдетілгендіктен жуырда мұз астынан балық аулау спортынан Шығыс Қазақстан облыстық біріншілігі өтті. Аталған шараға аймақтағы барлық іргелі мекемелерден арнайы командалар қатысып, өзара бақ сынасты. Байқауға әуесқой балықшылары көп Жаңа-Семей жол дистанциясының теміржолшылары қатысып, бөлімше намысын қорғады.

Семей қаласынан 70 шақырым қашықтықта жатқан әйгілі Шүлбі су қоймасында өткен сайыстың шарты оңай. Байқау екі кезеңнен тұрды. Алғашқысында сапқа тұру, біріншілік талаптарымен таныстыру, жеребе тастау болса, келесі кезеңде ауланған балықтардың салмағын өлшеу, жеңімпаздарды марапаттау сынды рәсімдерге кезек берілген еді.

Облыстық чемпионатта теміржолшылар атынан жол шаруашылығының білікті мамандары Саят Мұсағазинов, Мейрамғазы Әбділдинов, Асқан Найманбаев және Мұрат Мамырбаевтар сынға түсіп, өз шеберліктерін көрсетті.

– Жалпы мұз астынан балық аулау – үлкен өнер. Салауатты өмір салтын қалыптастыруда таптырмайтын спорт түрі. Таза ауада сергіп, сабыр мен төзімді шыңдауда берері мол. Әйтсе де, бұл спорт түрінде көп жағдайда шеберлік емес, жолы болғыштық, кездейсоқ сәттілік те жеңіс әпереді. Бұл жолы да солай болды, – дейді сайысқа қатысқан теміржолшылар қауымы.

Облыстың әр түкпірінен жиналған жалпы саны 25 команда қатысқан байқау барысында теміржолшыларға 10-шы орын бұйырды. Әр саланың кіл мықты өкілдері жиналған сайыста оның өзі үлкен нәтиже көрінеді.

Ең бастысы, қысқы табиғат аясында бой жазып, сергек көңіл-күймен қайтты.

Қуаныш Қожаев, Семей

Суретті түсірген автор