МАҢЫЗДЫ КЕЗДЕСУ!

  • Post category:Новости

«Әлеуметтік серіктестік» жобасы аясында Жамбыл өңіріндегі теміржол мекемелері орта кәсіптік білім беру жүйесінде білім алып жүрген мамандардың тәжірибеден өтуіне және олардың жұмыспен қамтылуына жақсы жағдай жасап отыр.

2022-2023 оқу жылында Тараз темір жол көлігі және коммуникация колледжі «Темір жолдың жылжымалы тартқыш құрамын пайдалану, жөндеу және техникалық қызмет көрсету» және «Дәнекерлеу ісі» бойынша теміржол кәсіпорындарымен 115 үшжақты келісім жасаған. Олардың қатарында «Жамбыл ЖТ бөлімшесі», Жамбыл белгі беру және байланыс дистанциясы, «Қамқор локомотив» ЖШС филиалы – Тараз локомотив жөндеу депосы, «ЖамбылРемСервис» ЖШС сынды ірі кәсіпорындар бар.
Жақында колледжде «Жұмыс беруші күні» өтіп, оған кәсіпорындардың өкілдері қатысты. Жиында колледж директоры Ұлжан Кенжебаева орта кәсіптік-техникалық оқу орнының бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырып өтті. Ол еліміздегі кәсіби-техникалық білім беру жүйесі ең бірінші кезекте техникалық мамандарға деген сұранысты қанағаттандыратынын атап өтті. Кездесуде «Жамбыл ЖТ бөлімшесі» кадрлар бөлімінің басшысы Меруерт Бейсенбекқызы бұл шараның маңыздылығын айта келе, Жамбыл бөлімшесі жас мамандарды қолдауда жүйелі жұмыстар жүргізіп отырғандығына тоқталды. Ал Жамбыл белгі беру және байланыс дистанциясының бас инженері Нұрғали Терлікбаев өз саласы бойынша мазмұнды әңгіме айтып, жас теміржолшылардың қызығушылық танытқан сұрақтарына жауап берді. Жиын соңында «Қамқор локомотив» ЖШС филиалы – Тараз локомотив жөндеу депосының директоры Ілияс Лесбаев ҚР Оқу ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің Алғыс хатымен, өзге кәсіпорын басшылары аталған оқу орнының алғыс хаттарымен марапатталды.

Источник

Ерман ӘБДИЕВ,
Тараз