You are currently viewing Марапатқа лайық майталман

Марапатқа лайық майталман

  • Post category:Новости

Қазалы вагон пайдалану депосының вагон қараушысы Рабат Сембіұлы 1991 жылы Мәскеу-Алматы бағытындағы №8 жолаушылар пойызының вагонынан жолаушылар өміріне және қозғалыс қауіпсіздігіне қауіп төндіретін аса күрделі ақау тауып, «Құрметті теміржолшы» төсбелгісімен және 1996 жылы ҚР Президентінің арнайы қаулысымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

Бүгін 60 жасқа толып отырған теміржолшыны депо ұжымы мерейтойымен құттықтап, құрмет көрсетті. Депо бастығы Арғын Орымбаев мерейтой иесінің еңбек жолын әріптестеріне насихаттап, тәжірибесін үлгі етті.

– Рабат Сембіұлы 1982 жылдан бастап Қазалы вагон пайдалану депосында жылжымалы құрамдардың жөндеушісі болып жұмыс істейді. Құрметті теміржолшылар Михайл Акимов пен Келімбай Берімбаев сынды майталмандардан дәріс алғанын мақтанышпен айтады.

«Сол ағалардың жанында жүріп вагон қараушы-жөндеуші мамандығының қыр-сырын үйрендік, 1987 жылы депо мені Мәскеу қаласында іс-тәжірибеден өтуге жіберді. Сол жылдары кеңес одағына аты шығып тұрған М.Батин, В.Басалаев тәжірбиелерін меңгеріп, тәжірибе жинақтадық. Ол да бір керемет кезеңдер еді, бүкіл бауырлас елдерден жиналған теміржолшылар бас қостық» деп өткен күндерден естелік шертті мерейтой иесі.

Арғын Орымбаев мерейтой иесінің кезінде майталман теміржолшылардан алған сабағы өз ісінің шебері болуға жол ашып қана қоймай, деподағы жас буынды тәрбиелеуде де үлкен ролі болғанын атап өтті. «Сіз біздің мақтанышымызсыз, депо абыройысыз. Әлі де талмай еңбектеніп, деніңіз сау, отбасыңыз аман болсын» деген депо бастығы мерейтой иесінің иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Кәсіподақ ұйымы төрағасы Бақытжан Ибраимов та бағалы сыйлық табыс етті.

Өз кезегінде мерейтой иесі ұжымдастарына алғысын айтып, алдағы уақытта да депоның абыройын асқақтатып, мерейін үстем етуге атсалысатынын білдірді.

Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қазалы