You are currently viewing Меморандумға қол қойды

Меморандумға қол қойды

  • Post category:Новости

Қызылорда облысының әкімдігі, аймақ теміржолшылары мен кәсіподақ өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Бұл құжаттың басты мақсаты – еңбек ұжымындағы әлеу- меттік жағдай мен өндірістік процестердің тұрақтылығын, жұмыс орындарын сақтау және персоналды жұмыспен қамту іс-шараларын қабылдау.

Сонымен, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, «ҚТЖ-ЖТ» ЖШС «Батыс» филиалы Қызылорда қосалқы бөлімінің бастығы Батырхан Базарбаев, «Қызылорда облысының кәсіподақ орталығы» АКБ төрағасы Мақсұт Нәлібаев қол қойған құжат еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік-еңбек жағдайын және өндірістік процестерді тұрақтандыру, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын, жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзара түсіністік және ынтымақтастық орнатуға бағытталды.

«ҚТЖ-ЖТ» ЖШС «Батыс» филиалы Қызылорда қосалқы бөлімінің бастығы Батырхан Базарбаев қазіргі таңда аймақтың теміржол саласында барлығы 5692 адам жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Ол осы еңбек адамдарының қызметінің арқасында биылғы бес айдың жұмыс жоспары жоғары деңгейде орындалғанын атап өтті.

– Жұмысшыларды жұмысқа қабылдау және ауыстыру процестері байқау арқылы айқын және ашық түрде жүргізіліп келеді. Кез келген адамның ҚТЖ компаниясының сайтында жарияланған конкурсқа қатысу мүмкіндігі бар. Компания қызметкерлерінің 80%-ы жыл сайын біліктілігін арттыру және дайындық курстарынан өтеді. Жастарды қолдау мақсатында жастар саясатына ерекше көңіл бөлінген. Себебі, қызметкерлердің 38%-ын жастар құрайды. Жастарға арналған даму тренингтері, лагерь, түрлі сайыстар мен форумдар жыл сайын республика көлемінде ұйымдастырылып келеді, – деді ол өз сөзінде.

Ал облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, қазіргі таңда өңірдегі 49 ірі кәсіпорынмен меморандум жасауға келісілгенін жеткізді. «Меморандумға қол қоюдағы мақсат – осындай жиын өткізіп, мекеме басшысының есебін тыңдау, еңбек адамдарының жағдайын білу, ұсыныс-пікірлерін тыңдау. Ең бастысы – жұмыссыздықты болдырмау, жұмыс орындарын қысқартпау, жалақыны кезең-кезеңімен көтеру», – дей келе, облыс басшысы Қызылорда темір жол вокзалын заманауи үлгіде салу жоспарда қарастырылып отырғанын мәлімдеді.

«Қазкөліккәсіп» ҚБ Қызылорда филиалының төрағасы Бауыржан Ахметов, аймақтағы ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында қол қойылған бұл үш жақты келісімнің аймақ теміржолшыларының әлеуметтік-экономикалық, құқықтық тұрғыдан қорғалуына берілген мүмкіндік екенін атап өтті.

Сабырхан Сейілбекұлы, Қызылорда

Суретті түсірген автор