You are currently viewing МЕРЕКЕЛІК КӨҢІЛ КҮЙМЕН…

МЕРЕКЕЛІК КӨҢІЛ КҮЙМЕН…

  • Post category:Новости

Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінің кәсіподақ ұйымы сала ардагерлеріне жаңа жылда мерекелік көңіл күй сыйлады. Зейнеттегі ақсақалдардың басын қосып дойбы мен шахматтан жарыс ұйымдастырып, соңынан дастархан жайды.

Ардагерлермен басқосуға Астанадан арнайы келген қонақ – «Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағасының орынбасары Жұпарбек Сәбитов сөз сөйлеп, Қазақстан темір жолының 25 жылдығы мен Сала кәсіподағының 30 жылдығы кең көлемде атап өтілген жылда жүзеге асырылған шараларға тоқталды. Осы мерейлі даталарға орай ұйымдастырылған іс-шараларда сала ардагерлері де ұмыт қалмағанын жеткізіп, олардың ерекше белсенділігі үшін алғыс айтты. Кәсіподақтың Жамбыл филиалының төрағасы Жұман Сәменов пен Жамбыл бөлімшесі кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Ақшораев та құттықтау сөз сөйлеп, ардагерлерге амандық тіледі.

Көптен бері бас қоспаған ардагерлер дастархан басында өткен-кеткеннен естелік айтып, әдемі әңгіме шертіп, көңілді отырды. Ал дойбыдан өткен жарыста бірінші орын ды Жамбыл жол дистанциясының ардагері Баймахан Дәрібаев иеленсе, екінші орынды Жамбыл белгі беру және байланыс дистанциясының ардагері Қанат Сембиев, үшінші орынды Жамбыл локомотив пайдалану депосының ардагері Мейірбек Тұстықбаев иеленді.
Шахматтан Жамбыл локомотив пайдалану депосының ардагерлері Талғат Шоңғараев бірінші, Көшербай Назаралиев екінші орынды иеленді. Ал Жамбыл бөлімшесі ардагерлер кеңесінің төрағасы, Жамбыл белгі беру және байланыс дистанциясының ардагері Бауыржан Найманбаев үшінші орынды місе тұтты.

Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар берілсе, қалған сала ардагерлері де сый-сияпатсыз қалмады. Кешке дейін көңіл көтерген ардагерлер тамаша көңіл күймен тарқасты.

Ерман ӘБДИЕВ,
Тараз

Суретті түсірген автор