You are currently viewing МУЗЕЙ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРДЫ!

МУЗЕЙ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРДЫ!

  • Post category:Новости

Қазақстан темір жолында саланың арғы-бергі тарихынан сыр үгінде олар «Қазкөліккәсіп» ҚБ балансында. 21-22 елтоқсанда Сала кәсіподағының ұйымдастыруымен музей менеджерлеріне арналған екі күндік семинар өтті.

Жер-жердегі теміржол музейінен жиналған менеджерлер семинардың бірінші күнін елордадағы С.Сейфуллин атындағы музейді аралап, жұмысымен танысудан бастады. Іргесі ХІХ ғасырда қаланған ғимаратта кезінде Сәкен Сейфуллин жұмыс істеген. Кәсіби мамандар музей қорларында сақталатын жәдігерлердің физикалық, механикалық, химиялық өзгерістерге ұшырау себептері мен соған сай әрекет ету жолдарын түсіндірді. Теміржолдың музей қызметкерлері жәдігерлерді күтіп ұстауға, музей ісін жандандыруға қатысты сұрақтар қойды.
– Теміржолда бүгінгі таңда 17 музей бар. Ең ірісі Алматыда. Музейлерді кәсіподақ құрамына бергелі осымен екінші рет семинар өтіп отыр. Себебі темір жол музейлеріндегі менеджерлер негізінен саланың ішкі қызметкерлерінен тартылған теміржолшылар, яғни олардың музей ісінде арнайы білімі жоқ. Сондықтан мұндай семинарлар олардың білімін арттырып, бейімделуіне ықпалы зор, – деді «Қазкөліккәсіп» ҚБ ақпараттық қамтамасыз ету және ұйымдастырушылық ұмыстар департаментінің директоры Нұрлан Нұрпейісов.

Түстен кейін семинарға қатысушылар Ұлттық музейді аралады. Музей менеджерлері де мұндай семинарлардың өзара тәжірибе алмасып, теориялық білім жинауға септік ететінін жеткізді. Алматыдағы Орталық теміржол музейінің менеджері Салтанат Қалиақпарова теміржол тарихы туралы деректерді жатқа айтады. 23 жылдық тарихы бар теміржол музейінде 1901 жылғы ескі паровоздар мен вагондар, 1946 жылғы ең алғашқы жолаушылар пойызының макеттері, Түрксіб теміржолын салған кездегі құралдар, бұрынғы қолданған телефон аппаратары және басқа да құнды жәдігерлер бар. Мұражайға айына орта есеппен 500 адам келеді екен. Ақтөбе теміржол музейінің менеджері Анар Жұбаева кәсіподақ қарамағына өткелі менеджерлерді оқыту қолға алынғанын құптайтынын білдірді.
– Бәрімізді бір жерге жинап, бір-бірімізбен танысқалы бері жұмысымыз жеңілдей түсті. Бұрын музей ісінде жұмыс жүйелі болған жоқ. Былтырғы танымдық семинарда көп білім алдық. Музей қалай жұмыс істеуі керек, қандай талаптарды сақтау қажет, оны қалай көрсете аламыз, соның бәрін музей ісі бойынша кәсіби мамандар үйретіп, түсіндірді. Ал биылғы семинарды біліктілігімізді арттыру деп қабылдадық, енді осы алған білімді тәжірибемен ұштастырып, өңірдегі теміржол музейлерін дамытуға жұмыс жүргізетін боламыз, – дейді А. Жұбаева. Аягөз локомотив пайдалану депосы музейінің менеджері Әлия Шәріпқызының айтуынша, 1999 жылы ашылған музейде 50-ге жуық экспонат бар. Оларды сақтауға
қолайлы жағдай жасалған. Оралдағы І теміржол музейінің менеджері Гүлбаршын Маңғытаеваның айтуынша, батыс өлкесіндегі бұл музей 1994 жылы Қазақ теміржолының 100 жылдығына орай ашылыпты.
– Біздің музейде байырғы қоңырау, бағдаршам қызметін атқарған керосин шамдар, электровоздар макеттері, алғашқы паровоз макеттері құнды жәдігерлеріміздің қатарында. Музейге жылына шамамен 1500 адам келеді, – дейді ол. ҚТЖ-дағы бас мұражайдың менеджері Ақмарал Молдашеваның айтуынша, ұлттық компания ғимараты стратегиялық нысан болғандықтан, келушілерді кіргізіп-шығару оңай емес. Сол себепті әрі карантин кезінде қолайлы болу үшін ҚТЖ компаниясының сайтынан сілтеме арқылы өтіп, қарауға болатын интерактивті музей жасалыпты. Болашақта оны барлық теміржол музейлеріне енгізу көзделіп отыр екен. Семинардың екінші күнінде «Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағасы Оразғали Ахметбаев пен төрағаның орынбасары Бақытжан Қуанышев сөз сөйлеп, музей менеджерлерінің жұмыс барысындағы өтініш-ұсыныстары мен қажеттіліктеріне құлақ түрді. Одан әрі іс-шара осы саланың кәсіби мамандарынан музей-ағарту қызметін ұйымдастырудағы практикалық машықтар бойынша дәріс тыңдаумен жалғасты. «Кикілжіңді басқару», «Күйзеліске төзімділік» тақырыптарында тренингтер өтті. Семинар соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.

Райхан РАХМЕТОВА,
Астана


Суретті түсірген Александр ЖАБЧУК