You are currently viewing Музейде викториналық жарысқа қатысты

Музейде викториналық жарысқа қатысты

  • Post category:Новости

«Қазкәсіпкөлік» ҚБ-ға қарасты ҚТЖ-ның Орталық музейі 1 мамыр -Қазақстан халықтары бірлігі күніне орай елордадағы колледж студенттерін шақырып, викториналық жарыс ұйымдастырды. Болашақ теміржолшылар жарыстан соң аталған музейді аралап, естелік сыйлықтарға ие болды.
Музей менеджері Ақмарал Молдашева Астанадағы Жоғары көлік және коммуникация колледжінің 40-қа жуық студенттерін 5 топқа бөліп, 2 турдан тұратын жарыс өткізді. Бес топқа 5 мемлекет атауы беріліп, олар алдымен түрлі мемлекеттердің тарихына қатысты тест түріндегі сұрақтарға жауап берді. Екінші турда оларға басқа мемлекеттердің туларын пазлдар арқылы құрастыру тапсырмасы берілді. Нәтижесінде тапсырмаларды жоғары деңгейде орындаған Түркия мемлекеті командасы бірінші орын алды. Қалған орындарды Корея, Польша, Өзбекстан, Украина елдері командалары өзара бөлісті.
-Студенттердің белсенділігі өте жоғары. Білім деңгейі де жаман емес. Достық мерекесі қарсаңында оларға өзге мемлекеттер туралы сұрақтар қойып, жарыстырдық. Мұндай кездесулер біздің музейде жиі өтіп тұрады. Іс-шараларымызға Кәсіподақ басшылығы үнемі қолдау білдіріп отырады, – дейді А. Молдашева.
Жарысқа қатысушы студенттерге кәсіподақтың атынан түрлі сыйлықтар табыс етілді. Аталған колледж оқытушысы, студенттердің кураторы Шолпан Орынованың айтуынша, мұндай іс-шаралардың болашақта теміржолшы болып шығатын жастарға берері мол. «Бұл студенттер қазіргі таңда байланыс және белгі беру саласы бойынша білім алып жатыр. Оқу практикасы болған кезде осылай экскурсиялар ұйымдастырамыз. Соның аясында ҚТЖ бізге викторина өткізуді ұсынды. Жастар білімін сынап, әрі бір серпіліп қалды. Бізбен ынтымақтастықта жұмыс істейтін теміржол басшыларына алғысымыз шексіз», – дейді ол.
Ұлан ОРАЗ
Суретті түсірген Александр Жабчук